Қазақстандық бай-бағландардың Дубайдағы қымбат үйлерінің суреттері пайда болды

Көркем Алдабергенова 12 сент. 2024 16:16 3534

Қазақстандықтардың Дубайдағы үйі туралы зерттеу жария болды. Материалды "Азаттық" тілшілері дайындаған. Редакция бірінші бөлімде бірнеше қазақстандықтың Дубайдағы үйіне шолу жасаған, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Маңғыстау мұнай газ" компанияларына жетекшілік еткен, әрі Маңғыстау облысын басқарған Алик Айдарбаев Palm Jumeirah аралындағы Kempinski сарайынан 165 шаршы метр екі бөлмелі пәтердің иесі. Пәтер бағасы жарнама сайттарында кемі 600 миллион теңге деп тұр. 

Азаттық мәліметінше,Айдарбаев бұл пәтерді "Қазмұнайгаз" басшылығынан кеткен кезде, яғни 2022 жылы сатып алған. Ал Алик Айдарбаевтың туған інісі Ержан Айдарбаев Дубайдың орталығынан үш апартамент сатып алған. Олардың жалпы құны 660 миллион теңге. 

"Қазтрансгазды" бірнеше жыл басқарған Серік Сұлтанғали Дубайдағы DAMAC Hills вилла қалашығындағы пәтердің иесі. Үйдің аумағы 647 шаршы метр.

Серік Сұлтанғали пәтер сатып алған вилла қалашығында күзет те күшейтілген. 

Сонымен қатар, осы вилла қалашығына көрші тұрған Arabian Ranches қалашығында "Торғай Петролеум", "Қаражанбасмұнай", "Ембімұнайгаз" компанияларының президенті болған Есен Қайыржанның да вилласы бар. Аумағы 600 шаршы метр болатын мұндай пәтердің нарықтағы құны шамамен 1,2 миллиард теңге.

Мұнай саласында 40 жылдан аса қызмет еткен Мәлік Сәлімгереевтің де Дубайда мүлкі бар. Құжаттарға сәйкес, ол таунхаустан екі апартамент алған. 

Сонымен қатар, Серік Естай есімді қазақстандық әлемдегі ең биік ғимарат Бурж Халифаның жанында орналасқан тұрғын үйден 7 апартамент сатып алыпты. Олардың ең арзаны 150 миллион болса, ең үлкен үйі 450 миллион теңгеге дейін барады. 

7 үйдің құны - 1,8 миллиард теңге. Серік Естай "Қазтрансгаз" құрылымдарында басшылық қызмет атқарған. 

Palm Jumeirah аралындағы тағы пәтердің иесі - Қазақстан азаматы Пануар Омарова. Аумағы 620 шаршы метр үйдің құны шамамен 3 миллиард теңге. 

39 жастағы Пануар Омарова "Қазмұнайгаз" өнімдері компаниясының Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытын басқарған, кейін Павлодардағы мұнай өңдеу зауытының басқарма мүшесі болған Асылбек Кәрібаевтың әйелі. 

Дубайдың тағы бір қымбат ауданында ондаған мұнайшы мен олардың отбасына тиесілі үйлер бар. 


Рекомендовать
Последние новости