Cауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 2025 жылғы 23 қыркүйекте Үкімет отырысында азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, көкөніс тобы бойынша тамыз айының басынан бері бағаның өсу қарқыны орта есеппен 2,5 есеге төмендетілген. Бұл, әсіресе, картоп, сәбіз және пиязға қатысты.
"Сүт өнімдері тобы жыл басынан бері шамалы қымбаттады, орта есеппен 5,7%. Қымбаттау өзіндік құнның өсуімен байланысты. Тұз, жұмыртқа, картоп және күнбағыс майына отандық өндірушілермен жыл соңына дейін бағаны бекіту жөнінде меморандумдарға қол қойылды. Ал макарон, ұн және күріште теріс индекс байқалады", – деді Арман Шаққалиев.
Оның сөзінше, баға индексінің өсуіне негізгі үлесті сиыр еті қосқан.
"Соңғы бірнеше жылда тарифтердің жыл сайынғы өсуіне қарамастан, сиыр етінің бағасы тежеліп келді. Соның нәтижесінде оның құны ең қолжетімді әрі көршілес елдерде сұраныс жоғары болғандықтан экспортқа тартымды болып отыр", – деп түсіндірді министр.
Айта кетейік, ішкі нарықты толықтыру мақсатында 15 мамырдан бастап тірі малды әкетуге тыйым салынған. Сондай-ақ етті әкетуге ветеринарлық бақылауды күшейту және сиыр етін экспорттауды тек ет өңдеу кәсіпорындарына квоталау ұсыныстары қолдау тапты.
"Бұған қоса, сиыр еті бойынша сауда желілерімен келісімге қол жеткізілді. Соған сәйкес, фермерлерден етті тікелей сауда орындарына жеткізу қамтамасыз етіледі. Ішкі нарықты қамтамасыз етуге қажетті көлемді Ауыл шаруашылығы министрлігі орындап береді. Бақылау шаралары мен делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссия жұмысы аясында өнімсіз делдалдар анықталып, жойылып жатыр", – деп сендірді Сауда министрі.