365 млн доллардың инвестициясы: әлемге әйгілі бренд Алматы облысында зауыт салуға кірісті

Кәмшат Тілеухан 22 сент. 2025 18:20

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев PepsiCo қоры директорлар кеңесінің төрағасы Стивен Кихоны қабылдады. Кездесуде PepsiCo компаниясының Қазақстандағы инвестициялық жобасын жүзеге асыру барысы қарастырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ақорданың хабарлауынша, әлемге әйгілі бренд Алматы облысында снэктер шығаратын зауыт құрылысына кірісті. Инвестиция көлемі – 368 миллион доллар.

Президент жобаны іске асырудан күтілетін экономикалық пайдаға назар аударды. Компания 900-ге тарта тұрақты жұмыс орнын ашудан бөлек, қытырлаққа арналған картопты жергілікті жерде өсіруге ниетті.

Стивен Кихоның айтуынша, бүгінгі таңда бағдарламаға Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Алматы және Жетісу облыстарынан 15-ке жуық шаруашылық қосылған. Бұдан бөлек, шикізатты сақтау базасын кеңейтіп, картоп өнімділігі мен сапасын арттыру үшін ғылыми тәсілге жүгіну жоспарланып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев PepsiCo компаниясының орнықты агрошаруашылықты дамыту бастамасына қолдау білдіріп, Үкімет пен жергілікті әкімдік өндірістің уақтылы іске қосылуына барынша жағдай жасайтынын айтты.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорктегі жұмыс сапары басталғаны белгілі. Ақорданың хабарлауынша, Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 80-ші сессиясы аясындағы Жалпы дебатта сөз сөйлейді. Президент бірқатар мемлекет басшыларымен және халықаралық ұйым жетекшілерімен келіссөз жүргізуді жоспарлап отыр.


Рекомендовать
Последние новости