Қазақстанда қандай шетелдік банктер өз филиалдарын ашпақ?

Кәмшат Тілеухан 16 окт. 2024 12:55 2005

Шетелдік банктерден Қазақстан нарығына келу үшін талап етілетін актив көлемі 20 млрд доллардан 10 млрд долларға дейін төмендетілмек. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова депутаттар талқысына осындай өзгерісті қамтитын заң жобасын ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол 2020 жылы Қазақстанда шетелдік банктер жұмыс істеуі үшін ең кемінде  20 млрд доллар активі болуы керек деп шек белгіленгенін еске салды. Міне, содан бері бір де бір шетелдік банк біздің нарыққа басын сұқпаған.

Қаржы нарығын дамыту және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заң жобасында осы шек 10 млрд долларға дейін төмендету ұсынылып отыр.

Сондай-ақ Мәдина Әбілқасымова рұқсат беру процесін оңтайландыру да жоспарланып отырғанын жеткізді.

"Шетелдік инвесторларға қойылатын  талаптарды ырықтандыру үшін рұқсат алу құжаттар тізбесін қысқарту көзделеді. Құжаттар саны шетелдегі бас банктің рейтингіне байланысты болады. Сонымен, "BB -" - ден "А -"  дейінгі рейтингідегі шетелдік банктер үшін Қазақстанда еншілес банк ашуға арналған рұқсат беру құжаттары 24-тен 17-ге дейін, ал филиал ашуға дегені 20 - дан 10-ға дейін қысқарады. "А-" және одан жоғары рейтингтегі банктер үшін құжаттар саны 10-8-ге дейін қысқарады", - деді Мәдина Әбілқасымова.

Сондай-ақ, оның айтуынша, үш шетелдік банк Қазақстанда өз филиалдарын ашуға ниетті.

"Біз шетелдік банктермен келіссөздер жүргіздік. Олардың бірнешеуі Қазақстанда өз филиалдарын ашуға қызығушылық білдірді. Ең алдымен, біз олардың активтерін тексереміз. Біз, негізінен, Қазақстанмен тығыз экономикалық қарым-қатынастағы елдерді қарастырамыз. Олар - азиялық және араб елдері, Түркия және Қытай", - деді Мәдина Әбілқасымова.

Әбілқасымова Оңтүстік Кореяның BNK Financial Group Inc. қаржы тобы Қазақстанда банк ашуға рұқсат алғанын нақтылай кетті.  Үш жыл бұрын олар шағын несие ұйымын ашқан, енді соның негізінде банк құрылады. Екіншісі - Bereke Bank-ті сатып алған Катар елі. Үшінші банк - ADCB. Ол БАӘ-дегі активтер көлемі бойынша үшінші орында тұрған ірі банк.

Айта кетсек, 2024 жылы 10 қазанда Bereke Bank-тің директорлар кеңесінің құрамында өзгерістер болғанын хабарлағанбыз. Ерсайын Хамитов пен Вячеслав Сон өз еріктерімен Bereke Bankтің директорлар кеңесінің құрамынан шықты. Енгізілген өзгерістерден соң "Bereke Bank" АҚ-тың директорлар кеңесі енді төрт адамнан тұрады: Асқар Елемесов, Мағжан Мәдиев, Мақсат Нұриденұлы, Андрей Тимченко. 

 


Рекомендовать
Последние новости