Bereke Bank-тің директорлар кеңесінің құрамына өзгеріс енгізілді

Кәмшат Тілеухан 10 қаз. 2024 15:39 2082

Ерсайын Хамитов пен Вячеслав Сон өз еріктерімен Bereke Bankтің директорлар кеңесінің құрамынан шықты. Бұл туралы мәлімет KASE сайтында жарияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Енгізілген өзгерістерден соң "Bereke Bank" АҚ-тың директорлар кеңесі енді төрт адамнан тұрады: Асқар Елемесов, Мағжан Мәдиев, Мақсат Нұриденұлы, Андрей Тимченко. 

Бұған дейін "Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингі мен Қатардың Lesha Bank LLC (Public) "Bereke Bank" АҚ-қа тиесілі 100% акцияны сату бойынша мәмілені аяқтағандарын жариялаған болатын.

Банк клиенттері алдындағы барлық міндеттемені орындауды, өз қызметін коммерциялық әмбебап банк ретінде жалғастыра беретін болады, сондай-ақ ұсынып отырған банк өнімдері бойынша шарттар да сақталады.

Айта кетсек, 2022 жылдың қыркүйегінде "Бәйтерек" мемлекеттік холдингі кейін Bereke Bank деп атауы өзгерген Сбербанктің Қазақстандағы еншілес банкінің жалғыз қожайыны атанды. Банкті холдинг "Сбербанк" ЖАҚ-тан банк қаражаты есебінен сатып алды, атап айтқанда 2021 жылғы 130 млрд теңге мөлшеріндегі дивидендтер төлемін жұмсау арқылы. Осы жағынан алғанда, бұл мақсатқа мемлекет қаражаты пайдаланылған жоқ.

2024 жылдың ақпанында катарлық Lesha Bank "Бәйтерек" ҰБХ-мен еліміздегі әлеуетті банкті сатып алу бойынша келісімге отырғаны белгілі болды. Мамыр айында келісімшарт сомасы 65 млрд теңгені құрады деп хабарланды. 

8 қазанда Қаржы нарығын реттеу және дамытту агенттігі Bereke Bank АҚ-тың қожайыны ауысқанын ресми түрде жариялап, Қазақстанның қаржы нарығына шетелдік инвестордың келуі екінші деңгейдегі банктер арасында бәсекелестікті күшейтіп, нақты секторға кредит берудің өсуін қамтамасыз ететінін айтты.

Агенттік мәліметінше, Lesha Bank қызметін шариғат нормаларына сәйкес жүзеге асыратын банк болып табылады және Qatar Financial Center Regulatory Authority-дің банк операцияларын жүргізуге, оның ішінде депозиттерді қабылдауға, қарыз операцияларына, инвестициялармен операцияларға, ұжымдық инвестициялар қорын басқаруға 2010 жылғы 30 маусымдағы лицензиясы (рұқсаты) бар.      

2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Lesha Bank активтері 2,05 млрд АҚШ долларын, меншікті капиталы 0,35 млрд АҚШ долларын, капиталының жеткіліктілік коэффициенті 16,9%-ды құрайды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша,банк 26,5 млн доллар және 2024 жылғы 6 айда 15,5 млн доллар мөлшерінде таза пайда алған.  


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар