Қазақстанда орыстың жері жоқ – Герольд Бельгер

Dalanews 15 июн. 2015 01:23 1310

Қазақстанға Ресейдің қазіргі билігінен де, оппозициясынан да опа жоқ, анығы. Бір көзқарас. Ешқашан өзгермейді, өзгермеген де...

Өткен аптада белгілі орыс журналисі Алексей Венедиктов өзінің Твиттердегі парақшасында (төменде суретте) былай деді: 

«2025 жылы Қазақстан латын қарпіне көшпекші екен. Ал Солтүстік Қазақстан ше?».

Осылайша ол «Солтүстік Қазақстан Ресей жерінің бір пұшпағы» деп жүрген Жириновский, Солженицын, Лимонов және тағы басқалардың (бұлай ойлайтындар көп, анық) қатарына қосылды. Тізім толығып келеді, байқасаңыз.

Қырымнан айырылып қан жұтып отырған Украинаның қайғысы түк емес, негізі. Біздің қайғы одан ауыр. Біз астанамыздан айырылған халықпыз...

Қазақ астанасын жоғалтты. Саусағымызды бердік, қолымызды жұтты.

2 жыл бұрын жазушы Герольд Бельгер (Гераға) DAT газетіне осыған байланысты сұхбат берген. Гераға, кімге кімнің жері тиесілі екенін қорықпай айтқан.

Орыстың имперциялық амбициясын айыптаған, бетіне басқан. Орысша сұхбат еді. Аудардық. Өзектілігі өлмепті, өйткені.

  – Гераға, Ресей жақтан тағы да қауіпті үндеулер естілуде. «Әлімсақтан орысқа тиесілі жерлерді Қазақстан қайтаруы керек» депті. Бұған не дейсіз?

– Иә...Бұл маған баяғыдан белгілі әләуләй ғой. Мен Солтүстік Қазақстанда мектепте оқып жүргенде айтылатын мұндай әңгіме. «Қазақ жері – әлімсақтан орысқа тиесілі» дегендей. Таң қалатынмын. Мұны қайдан шығарды? Айналадағы ауылдың атауы түгел қазақша. «Көктөбе», «Ақсай», «Өрнек», «Мектеп», «Қаратал», «Жарқай­ың»...көп енді. Халық та қазақ. Кей жерлерде орыс атымен жоқ. Ойлайтынмын, оқушымын ғой: «Мұны орыстың жері дейді. Қай сасқаны?». Кейін келе көп нәрсеге көз жетті, ұғындық.

Қазақстанды орыс жерінің есебінен бөліске түсірді деген әңгімелер баяғыдан бар. Біреулер Ленинді айыпты санайды. Сол кінәлі дейді.

Өз басым жазушы Солженицынды сыйлаймын. Бір жағынан қазақтар оны ұнатпайды. Оның да көзқарасы шовинистік өйткені.

БезымянныйӨзінің атышулы мақаласында (Как нам обустроить Россию?) ол былай деді. «Где казах прогонял стаду овец, это казахская земля». Мұнда мысқыл жатыр, мазақ қылып тұр. Бұл мақаланы оқыған Асқар Сүлейменов (ол сәбет билігіне қарсы күрескен Солженицынды жақтайтын еді): «Әй арам, бұған қалай миы жетті, дәті барды?» деп бұлқан-талқан болғанын білем.

Біз ауылда тұрдық. Есілдің жағасында. Түмен, Орынбордан қазақтар келетін. Өздерін «іш жақтан» келдік дейтін. Кейін Омбы, Орынбор, Астраханда қазақтар тұратынын білдім. Өзім Саратовта тудым ғой. Сол жақтағы неміс ауылдарында да қазақтар бар еді.

Кейбір адамдар осымен «ауырады». Территориялық тұтастықты өзгерту идеясы өн бойларына тарап кеткен. Өз басым мұны жақтамайтындардың қатарындамын. Мен қазақ жерінде, қазақ ауылында өстім. Қазақтың тарихын білемін және мұндай әңгімені қисынсыз деп санаймын.

Қонаевтың тұсында мынадай жағдай болған. Қателеспесем, «ҚазПравда» газетінде Кибиров деген бір ұйғыр «Ұйғырлар Жетісу автохтоны» деген мақала жазды. Жетісу өлкесі ұйғырға тиесілі екенін дәлелдеуге тырысыпты.

Ол кезде Орталық комитетте Камал Смайылов, Устинов сияқты таныстарым істейтін. Бізді, әдебиетшілерді, оның ішінде ұйғыр ақын-жазушыларын осыған байланысты жиынға жинады.

Әңгіме: «Қалай болғаны, Алматы ұйғырлардың астанасы ма сонда?» деген тақырыпта өрбіді. Әсіресе, Сәкен Жүнісов ашулы еді. Табиғатында тікмінез, қызуқанды адам ғой.

 «Сонда біз қайда қалдық?» – деді ол. Содан сөзталас басталды да кетті...Бір кезде мен тұрып: «Ой, қойыңдаршы өзі. Бұл қазақтың да, ұйғырдың да жері емес, немістің жері» дедім.

Ауыздарын ашып қалды. Сәкен маған тұра ұмтылуға шақ қалды.

«Алматы – немістің астанасы ма?». «Ие, немістің астанасы», – дедім. ХІІ ғасырдан бері неміс саяхатшылары бұл өлкені зерттеген, суреттеген. Әрі-беріден соң, это земля принадлежит немцам», – дедім.

Сәкен Жүнісовтің шыдамы шегіне жетті: «Сонда қазақтың астанасы қай жерде?». Мен оған: «Қазақтың астанасы – Талғар болады» дедім. Залдағылар бір сәт тынши қалды да, қыран-топан күлкіге көмілді. Осылай әзілмен үлкен даудың алдын алғанымыз бар.  Кетерде Камал Смайылов қолымды қысып:  «Әй молодец, тауып кеттің!» деді.

Мұны неге айтып отырмын, аузыңа

[caption id="attachment_10999" align="alignright" width="501"]Алексей Венедиктов. Алексей Венедиктов.[/caption]

келгенді көки беруге болмайды. Айттың екен тарихи фактілермен дәлелде, сөйтіп бұл әңгімеге біржолата нүкте қой.

Қазақ пен орыстың шекарасы заң жүзінде белгіленген.

 Анығында: «бұл кімнің жері?» деген сауалды кесе-көлденең қойсақ орыстың көптеген елді-мекенін «менікі» деп айтуған қазақтың әбден құқы бар.

– Шынымен де, әйтпесе, Ресейдегі Қорған (Курган), Орынбор (Оренбург), Түмен (Тюмень), Сарытау (Саратов) сияқты өңір атаулары қайдан шықты? Мәскеудегі Орда (Ордынка) өз алдына...

– Мәскеуде Арбат бар. «Арбат» қазақ тілінде «арба мен ат» дегенді білдіреді.

Қайталап айтайын. Бір елдің территориясына тиіскен әңгімелер тым тереңдеп кетсе жаман.

 Біздің орыс казактарын және өзге славяндарды бөлінуге, іріткі салуға итермелеп отыратын бір зымиян күш бар. Өз басым Ресейдің Қазақстанға қалай қарайтынын жақсы білемін. Аю тырнағымен қазақ жерінің бір пұшпағын тіліп алсам дейді, қытайдың айдаһары да осыдан дәмелі. Мұхиттың арғы жағындағы Сэм ағайдың өз жоспары бар...

– Мұның бәрін ресейлік арнайы қызмет ұйымдастырып отыр деп айтуға бола ма? Айталық, билікті Кеден, Еуразиялық одаққа кіруге иліктіру үшін осындай тәсілді пайдалануы мүмкін бе?

– Мүмкін. Бірақ, ашық айта алмаймын. Себебі, саясаткер емеспін. Мен жазушымын. Алайда сөзіңнің жаны бар. Бұл біздің билікке қысым жасаудың өте әккі жолы. Ара-тұра «Байқа!» деп қорқытып тұруға болады. Бірақ, қазақтар да қарап отырмауы керек. Саусағын шошайтып, «Өзің байқа, тәйт» деуі қажет.

– Қазақтың жеріне көз алартып отырған арандатушылардың артында кім тұр, не дегенмен?

– Мұндай дүниеге, мұндай адамдарға мүлде назар аудармау керек. Иә, егер Солженицын айтса, сөзсіз бұған қарымта қайтару керекпіз. Нұрпейісов, басқа да жазушылар оның мәлімдемесінің мәнсіз, қисынсыз екенін тарихи, жағрафиялық деректер келтіре отырып жоққа шығарған және ашық жазған. Бірақ, таза «қазақбай» әрекеттер де болды. «Басын кесу керек» дегендей. Бұл әдіс тиімсіз. Мұндай әрбір пікірге дәлелді, сауатты түрде жауап қатып күресу керек. Мұндай ойды қоғам санасына тықпалай алатын ықпалды, үлкен адамдарға ғана қарсы жауап қат. Ал кәкір-шүкірдің не дегеніне, көңіл аудармай-ақ қоюға болады. Олардың аттарын да атағым келмейді.

Саясаттанушы Расұл Жұмалы керісінше ойлайды.  «Қазақ жерінің территориялық тұтастығына күмән келтірген ресейлік саясаттанушыларға қарсы қатаң жауап қатқан жөн» дейді.

QtgPIVVmoyU– Қайталап айтайын, мен үнсіз қалайық дегенім жоқ. Алдымен негізгі қарсыласыңның кім екенін білу керексің және онымен тең дәрежеде сөйлесуің керек. Сөйлегенде тарихи, жағрафиялық, геосаяси дәлелдерге сүйен. Ал әрбір ұсақ түйекке назар аударсаң, құтырып кетеді, шынымен де ықпалды екенмін деп ойлап қалуы мүмкін. Оларға назар аудармау, көңіл бөлмеу керек.

– Біздің зиялы қауым осындайда неге үнсіз?

– Дұрыс айтасың. Біздің философтар билікті ақтап, жақтай бергенше арандатушылармен нақты дәлелдер негізінде күреспей ме екен? Айталық, Ә.Нысанбаев, Ж.Әбдилдин сияқтылар. Жазушыларға да айтарым сол. Бірақ, олар бұған бармайды, бұрыш-бұрышта тығылып отыр бәрі. 

Ең тиімді тәсіл қазақ қана емес қазақстандық зиялы қауым өкілдері, қазақтар, немістер, орыстар, кәрістер, ұйғырлар әлгіндей арандату мақсатында айтылатын ой-пікірлерді жоққа шығарып, барлығы бірауыздан үн қатуы керек. Осылайша мемлекеттің бөлінбейтінін, біртұтастығын көрсетеміз. Мен өзімнің азаматтық позициямды осылай көрсеткім келеді.

Дайындаған Думан БЫҚАЙ


 


 

Рекомендовать
Последние новости