"Қазақстанда орыс сыныбының болашағы жоқ!". Танымал ұстаз ата-анаға жауап қатты

Dalanews 26 июл. 2021 09:23 1428




Айта кетелік бұдан бұрын әлемжелідегі пабликтердің бірінде Нұр-Сұлтандағы орыстілді ұстаздардың тапшылығына шағымданған ата-ананың үндеуі жарияланған. 

 "Орысша оқығысы келетін балаларға тәлім беретін білікті ұстаздар жоқ. Бірнеше мектепке бас сұқтым, оқу орнының басшылығынан "мұғалімдер жетіспейді, олардың орнын студенттермен толтыруға мәжбүрміз" деген жауап алдым. Бұл қасақана жасалып отырған саясат па? Білім саласындағы сорақылыққа кім жауап береді?" деп шағымданған еді Ким Самал есімді желі қолданушысы.

 Аталған жазба желіде қызу талқыланып, күн өткен сайын саны мен сапасы артып келе жатқан қазақ аудиториясының тарапынан қарсылыққа ұшырады. Желідегі белсенді азаматтар қоғамның қазақтанып келе жатқанын айтып, баласын әлі күнге дейін орыс сыныбына сүйрелейтін ата-аналарға ұл-қыздарын қазақ мектебіне беруге кеңес берді.

 Белгілі ұстаз, Нұр-Сұлтан қаласындағы № 90 мектептің директоры Аятжан Ахметжанұлы "баласын орыс сыныбына беретін ата-аналар ұрпағының болашағын ойрандап жатқанын ойламайтынын" айтады. Ілгерідегі автордың жазбасына дәл осылай жауап қатқан ұстаз "Қазақстанда орыс тілі мен орыс сыныбының болашағы жоқ" деп пайымдайды.

 "Баласын орыс мектебіне берген ата-аналар, өзіңіздің емес, балаңыздың болашағын ойрандап жатқаныңызды білесіз бе? Төрт жыл бұрын "Орыс сыныбында оқитын қазақстандық балаларға жаным ашиды" деп көлемді мақала жазған едім.

 Төрт жыл өтті, әлі орыс сыныбына жүгіретін ата-аналар көбейіп жатыр. Айналайын, ата-аналар, көздеріңізді ашыңыздаршы! Мына посттағыдай жыласаңыз да амал жоқ! Енді Қазақстанда орыс сыныбының болашағы жоқ!", – деп шорт кеседі Аятжан Ахметжанұлы.



 Ол осы сөзіне дәлел ретінде бірнеше тезисті алға тартқан екен.

Айтуынша, соңғы 4-5 жылда қазақ тілінің таралу ауқымы мен қазақша тәлім беретін ұстаздардың саны күрт артқан. Ал орыс сыныбын бітіргендердің басым көпшілігі Ресейге ауып жатыр.

  "Жыласаңыз да, орыс сыныбына бастауыш мұғалімі де, жоғары сынып мұғалімі де табылмайды!

 Неге? Бірінші, қазір бітіруші түлектерде қазақ/орыс сыныбының үлесі - 75% / 25%. Ал орыс сыныбын бітірген түлектердің басым бөлігі этникалық орыстар Ресейге кетіп жатыр. Қазақстанда қалатын бөлігі санаулы ғана.

 Ал олардың білім нәтижесі туралы айтудың өзі қиын. Себебі 10-15 жыл бойы университетке қазақ тобы 90-мен түскен мамандыққа орыс тобы 70-пен әрең түсті.

 Екінші, өткен жылдан бастап университетке грант іріктеуі тілге бөлінбейді. Бұның әсерінен қазір қазақ сыныбы орыс сыныптарына тіпті грантқа түсу мүмкіндігін де қалдырмайды.

 
Университеттердің орыс топтары жаппай жабылуда. Қазақ топтарында 100 бала жүрсе, орыс топтарында 4-5 бала оқып жүр. Бұл - болашақта да маман тапшылығы ешқашан жойылмайды деген сөз.


 Үшінші, қазір кез келген мектеп директорынан сұрасаңыз, орыс сыныбына мұғалім таппайды. Көбі зейнет жасынан асып кеткен.

 Ал қазақ сыныбына мұғалім іріктеп алуға мүмкіндік бар. Ал орыс сыныбына іріктеу жоқ, табылғанын алады. Тіпті таппағандықтан сыныптарды 30-40-45 оқушыдан етіп ұстайды. Ал қазақ сыныптары 20-25 тен отырады. Амалы жоқ! Орыс сыныбына мұғалім жоқ!

 Енді айналайын, ата-аналар, осындай жағдайды көріп тұрып, құрып жоғалып бара жатқан орыс сыныбына балаңызды бересіз бе? Обал ғой балаларыңызға!", – дейді Аятжан Ахметжанұлы.

Оның айтуынша бүгінде ҰБТ тапсырған түлектердің орыс тілінде тапсырғандардың орташа балы қазақ тілінде тапсырғандардан әлдеқайда төмен. Себебі білім сапасы төмен. Ал орыс сыныптары күн өткен сайын азая береді. Бұл үрдіс табиғи түрде жүзеге асуда.

 Сөй деген ұстаз бұдан былай таза орыс мектебі енді ешқашан жаңадан ашылмасын айтыпты. Ал аралас мектептердегі орыс сыныбы жоғала береді.

 "Оны сіз құтқара алмайсыз. Онда мектепте қазақ сыныбы көбейген сайын барлық басымдық қазақ сыныбына беріледі. Себебі олар көп. Тәрбие іс-шаралары қазақ тіліне ауысады. Ал сіздің балаңыз тіл білмей шеттей береді. Жаныңыз ашымай ма балаңызға?

 Бұның бәрін билік жасамайды. Тарих өзі жасайды. Әрине, сізге мойындау қиын шығар, бірақ ертең балаңыз үлкейген сайын сезесіз. Ол кезде бәрі кеш!

 Қазақстан - қазақтың байырғы тарихи отаны. Оның жалғыз мемлекеттік тілі бар, ол - қазақ тілі! Ал болашақ мектептер тек мемлекеттік тілде болатын күн жақын. Қазақ тәуелсіздік алғалы 30 жыл болды, ояныңыз, құрметті орыс тобына баласын сүйрегіш ата-аналар! Сіздің балаңызға бiздiң жанымыз ашиды. Ал сіз өзіңіздің балаңызды ойлаңыз!", – деп түйіндеген екен өз сөзін Аятжан мырза.




Рекомендовать
Последние новости