Қазақстанда мобильді аударымдарға қатысты жаңа ережелер енгізілді

Көркем Алдабергенова 05 нояб. 2025 13:14

Қазақстанда мобильді аударым жасау ережелері өзгерді. Бұл туралы Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) хабарлады. Енді егер клиент аударым кезінде телефон арқылы сөйлесіп тұрса, банк операцияны автоматты түрде бұғаттайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл шара телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың алдын алуға бағытталған.

Жаңа талаптар

Қазақстанда банктер мен микрокқаржы ұйымдары үшін ақпараттық қауіпсіздікке қойылатын жаңа талаптар күшіне енді. Тиісті қаулыны ҚНРДА басқармасы бекіткен.

Ең басты жаңалықтардың бірі – телефонмен сөйлесу кезінде аударым жасауға тыйым салу.
Енді егер клиент ақша аударып жатқан сәтте телефонның микрофоны белсенді болса, мобильді қосымша операцияны автоматты түрде бұғаттайды. Сондай-ақ, құрылғыны қашықтан басқару белгілері байқалса, қосымша кейбір функцияларды өшіріп немесе операцияны толықтай тоқтата алады.

Банктер мен микроқаржы ұйымдарына қойылатын жаңа міндеттер:

жаңа құрылғыдан кіру кезінде клиентті биометриялық сәйкестендіруден өткізу (деректерді Идентификация деректерін алмасу орталығы арқылы растау);

барлық кіру әрекеттері, пароль немесе телефон нөмірін өзгерту туралы хабарламалар жіберу;

клиенттің келісімімен геолокация деректерін беру;

қауіпті осалдықтар анықталған жағдайда қосымшаны мәжбүрлі түрде жаңарту;

әр үш жыл сайын ISO/IEC 27001 стандарты бойынша сыртқы аудиттен өтіп, ақпараттық жүйелердің тұрақтылығын тексеру үшін тәуелсіз penetration-тест жүргізу.

Кибершабуылдарға қарсы шаралар

Қаулы банктер мен реттеуші орган арасындағы киберинциденттер туралы ақпарат алмасу жүйесін де қамтиды. Бұл жүйе шабуылдарға жылдам әрекет етуге мүмкіндік береді.

Құжат ресми жарияланған күннен кейін он күннен соң күшіне енеді, ал ақпараттық қауіпсіздікке қатысты негізгі өзгерістер 2025 жылдың 1 қарашасынан бастап қолданыла бастады.


Рекомендовать
Последние новости