Елорда тұрғындары ұзақ уақыт бойы түспей тұрған жоғары температура мен дәрігерге жазылудың қиындығына шағымдануда, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кейбір ата-аналардың айтуынша, балалардың дене қызуы 5–7 күнге дейін түспей тұр, ал емханалар мен стационарларда орын жетіспейді.
Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жағдайдың алаңдауға себеп жоқ екенін мәлімдеді.
"2 қазаннан бері 27 469 ЖРВИ жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға төмен", – деді департамент басшысының орынбасары Жанна Пралиева.
Науқастардың 61 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Маусым басталғалы бері 982 адам ауруханаға жатқызылған.
Департамент тұрғындарға ауру белгілері байқалған жағдайда өз бетінше емделмей, міндетті түрде дәрігерге жүгінуді, сондай-ақ маска тағу секілді алдын алу шараларын сақтауды ескертті.
                        