Бензин мен автогаз тапшылығы: Энергетика министрлігі жедел желі ашты

Ақтоты Жапатова 01 нояб. 2025 10:10

Энергетика министрлігі АИ-92 бензинінің қымбаттауы және сұйытылған мұнай газының (автогаздың) жетіспеушілігіне байланысты шағымдарды қабылдайтын тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желі іске қосты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ведомствоның мәліметінше, жедел желіге бензин мен дизель отынына қойылған бағалық мораторийдің бұзылуы, сондай-ақ жанармай құю бекеттеріндегі отынның болмауы немесе шектеулі сатылуы туралы өтініштерді жолдауға болады.

Министрлік Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және өңірлік штабтармен бірлесіп, алыпсатарлық пен отын тапшылығын қолдан жасауға бағытталған кез келген әрекетке қатаң шара қолданатынын атап өтті.

Бензин мен дизель отыны бойынша министрлік өңірлерге қажетті көлемнің толық жөнелтілгенін және мұнай базаларында жеткілікті қор бар екенін мәлімдеді.

«Тапшылыққа негіз болатын объективті себеп жоқ», — делінген хабарламада.

Ал автогазға қатысты министрлік кейбір өндіруші зауыттарда жүргізілген жоспарлы жөндеу жұмыстары алдын ала ескерілгенін, жоғары сұраныс байқалатын өңірлерге қосымша көлем бөлінгенін хабарлады. Кей жерлердегі ұзын-сонар кезектер жүйелі тапшылықтан емес, логистика мен ішкі бөлу мәселелерінен туындаған.

Азаматтардан АИ-92 бензинінің негізсіз қымбаттауы немесе автогаздың болмауы сияқты жағдайлар анықталған жағдайда жедел желі нөміріне хабарласу сұралады: +7 701 855 0248.

Қоңыраулар тәулік бойы қабылданады. Министрлік әрбір өтінішті жеке қарап, расталған жағдайда адал емес нарық қатысушыларына қатысты тиісті шаралар қабылдауға уәде берді.


Рекомендовать
Последние новости