Қазақстанда көлік нарығы өркендеп тұр: қазан айында 21 мыңнан астам жаңа автомобиль сатылды

Қаракөз Амантай 18 нояб. 2024 14:29 295

Өңірлер арасында автомобиль жасау саласында көлік шығару көлемінің жартысынан астамы Allur («СарыАрқаАвтопром») автозауыты орналасқан Қостанай облысына ғана тиесілі болды: 633,8 млрд теңге. Сонымен қатар, ондағы автоөнеркәсіптің үлесі машина жасаудың 84,7%-ына және өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің барлық көлемінің бірден 46,2%-ына жетті, яғни, автомобиль индустриясы — облыс экономикасының жетекші және айқындаушы драйвері.

Өндіріс көлемі бойынша келесі орынға Hyundai Trans Kazakhstan және Hyundai Trans Auto автозауыттарымен Алматы қаласы жайғасты: 359 млрд теңге. Ал автоөнеркәсіптің үлесі қаладағы машина жасаудың 69,9%-ын, ал өңдеу өнеркәсібінің 29,4%-ын құрады.

Қалған өңірлерге автомобильдер, тіркемелер мен жартылай тіркемелер өндірісінің жалпы көлемінің 17,3%-ы тиесілі: 208,3 млрд теңге.

Ағымдағы жылдың үш тоқсанында 92,2 мың автокөлік құралы өндірілді, бұл 2023 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда, 15,8%-ға аз.

Барлық өндірістің 90%-ын дәстүрлі түрде жеңіл жолаушылар автомобильдері құрады: 82,9 мың көлік. Жүк автомобильдері 5,9 мың бірлікті, автобустар 1,8 мың бірлікті, тіркемелер мен жартылай тіркемелер 1,2 мың бірлікті құрады. Сондай-ақ 386 арнайы және мамандандырылған автомобильдер шығарылды.

Профильдік Қазақстан автомобиль қауымдастығының деректеріне сәйкес 2024 жылдың қаңтар–қазан айлары аралығында елімізде 104,9 мың автокөлік құралы өндірілді, оның 62,9%-ы Қостанайдағы бір ғана автомобиль зауыты Allur-ге тиесілі. Салыстырып қарасақ, өткен жылдың дәл осындай кезеңінде Allur үлесі 61%-ды құрады, ал 2019 жылдың қорытындысы бойынша бүкіл автоөнеркәсіп саласының жартысынан көп пайызды, 2016 жылы 22%-ды құрады.

Келесі орындарда — нарықтағы үлес салмағы 30,5%-бен Hyundai Trans Kazakhstan және 3,6% үлеспен СемАЗ. Қалған автозауыттардың өндірісі автокөлік құралдарының барлық өндірісінің тек 3%-ын ғана құрады.

Қазақстанда жаңа жеңіл және коммерциялық автомобильдердің сатылымы ағымдағы жылдың қазан айының қорытындысы бойынша 21,5 мың бірлікке жетті, бұл өткен аймен салыстырғанда, 20,1%-ға және 2023 жылдың қазан айымен салыстырғанда, 18,3%-ға артық. Айта кетерлігі, қазан айындағы сату көлемі биылғы жылдың ең үлкен сату көлемі болды.

Дистрибьюторлар тұрғысынан, қазан айында жаңа автомобильдердің жартысынан көбі тек Allur-да сатылды: 50,7% немесе 10,9 мың автокөлік, бұл — 2024 жылы ҚР дилерлері арасында абсолютті мән бойынша, сондай-ақ нарықтағы үлес салмағы бойынша да ай сайынғы сатылым бойынша рекордтық көрсеткіш. Келесі орынға Astana Motors орналасты: 31,9% немесе 6,9 мың жаңа автомобиль сатылды. Басқа дистрибьюторлар жалпы нарықтың 17,4%-ын құрады.

Ағымдағы жылдың қазан айында сатылымы бойынша автомобиль брендтерінің арасында Chevrolet көш бастап тұр: 6,3 мың автомобиль. Одан кейін — Hyundai (3 мың), Kia (2,4 мың), Chery (1,4 мың) және Haval (1,3 мың).

Ал модельдер бойынша қазан айында Chevrolet Cobalt абсолютті көшбасшы болды: бірден 5,9 мың көлік сатылды, бұл — бір айда бір модельді сату бойынша рекордтық көрсеткіш. Одан кейін — Hyundai Tucson (1,3 мың) және Kia Sorento (746).

Ағымдағы жылдың қаңтар–қазан айлары аралығында Қазақстанда 158,6 мың жаңа автомобиль сатылды, бұл 2023 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда, 1,5%-ға көп. Брендтер тұрғысынан, ең көп сатылған бренд Hyundai болды: 34,2 мың көлік. Одан кейінгі орында Chevrolet (22 мың) және Kia (19,5 мың) тұр.

Модельдер тұрғысынан, сатылған жаңа автомобильдердің саны бойынша тағы да Chevrolet Cobalt көш бастап тұр: 18,2 мың автомобиль. Одан кейінгі орындарға Hyundai Tucson және Kia Sportage орналасты: 17,4 мың және 7,8 мың.


Рекомендовать
Последние новости