Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде "Креативті индустрияны дамыту" тақырыбында талқылау өтті. Отырыс барысында мәселелер мен ұсыныстар айтқандардың бірі - танымал баспагер Бақытжан Бұқарбай.
Ол Ресейге салынған санкцияның қазақ баспагерлері үшін қандай зияны барын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бақытжан Бұқарбайдың сөзіне сенсек, Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғалы санкция мәселесі Ресейдегі кітап саласын айналып өтпеген.
"Ресей баспагерлері санкцияға ұшырап, олар қазір көп кітап басып, аударып-шығаруға рұқсат ала алмайды. Сондықтан заңды компанияларды еліміздің аумағында тіркеді. Басында заңды мекен жай үшін тіркеді ме деп ойласақ, олар мына жерге келіп те, нарықта бар тапсырыстарды алу үшін әрекет етіп жатыр. Әрине, біз ашық нарықпыз. Ешкімге тыйым сала алмаймыз. Бірақ буыны қатпаған қазақ баспагерлері үшін миллиондаған бюджеті бар ресейліктермен бәсекелестікке түсу - қиын проблема", - деді баспагер.
Ол "мемлекет протекционизмге бару керек" екенін жеткізді
"Ресейлік болсын, басқа елдің баспасы болсын, бізде қызмет ететін болса, өз тілінде бір кітап шығарса, қазақ тілінде де бір кітап шығаруға міндеттеу керек. Біз неге кітап шығарған кезде бизнестің ең тиімсіз формасымен айналысып жатырмыз?! Өйткені қазақ контентін кітап саласында да көбейткіміз келеді", - деді ол.
Бақытжан Бұқарбайдың сөзінше, қазір Ресейдің кітаптары тым арзан.
"Біз шығарған кітаптар орташа есеппен 5000 теңге деп алатын болсақ, 10 доллар көлемінде, бұл - әлемдік практикада орташа баға. Ал ресейліктердің маркетплейстерінде сатылатын кітаптары 2-3 есе арзан. Кейбіреуін 600-700 теңгеге жеңілдікпен сатып алуға болады. Шығын өзіндік құннан да төмен.
Ақырындап тамырын бастасақ, "Ресей Үкіметі баспаларына үлкен дотация беріп жатыр" деген ақпаратқа қолжеткіздік. Әйтпесе арзан баға мүмкін емес. Әрине, біздің оқырман "неге қазақ кітаптары қымбат?" ренжиді. Бізге дотация болып жатқан жоқ, барынша арзандатып беріп жатырмыз. Заң шығарушылар осы мәселені қолға алса деген ниетіміз бар", - деді баспагер.
Айта кетейік, бұған дейін қоғамда Бақытжан Бұқарбай баспалаған "Қазақтарды қалай басқару керек?" атты кітап дау тудырған болатын. Артынша сатылымнан алып тасталды.
Бұл туралы AmalBooks баспасының негізін қалаушы, баспагер Бақытжан Бұқарбай инстаграм-парақшасында айтты.
"Видеоны көріп келген жанашыр ағайындарымыз, бауырларымыз, ағаларымыз бар, әрқайсысымен жеке-жеке осы уақыт аралығында кездесіп, мақсат-мүдделерін түсіндіріп, жеткізіп айттым. Бірақ кітап шығаратын баспагер болған соң біз кері байланыспен де жұмыс істеуіміз керек және ешқашан біз өзімізді халықтан биік қойған жоқпыз. Сонда келушілердің пікірін, кері байланысын тыңдап отырсақ, оларға ұнамағаны мұқаба болып тұр. Бірден кітаптың мазмұнын түсінбей қаласың дейді. "Мына жазылған, сен айтып отырған нәрселер дұрыс та шығар, бірақ мына мұқаба соны ашпайды, сондықтан осындай реакциямыз болып жатыр" деп айтты. Сондықтан біз бүгін бүкіл сату нүктелерінен бұл кітапты түгел алып тастадық. Қазір ешбір жерде бұл кітап сатылымда жоқ", - деді бұған дейін баспагер.