Түркістанда теннистен республикалық ашық турнир басталды

Dalanews 10 нояб. 2024 13:53 386

Түркістанда теннистен 12 жасқа дейінгі балалар арасында «Turkestan Open 12 & under» республикалық ашық турнирінің ашылу салтанаты өтті. Бірінші дәрежелі республикалық ашық турнирге Астана, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Шымкент, Талдықорған, Тараз, Көкшетау, Түркістан қалалары мен өңірлерінен 64 спортшы (32 ұлдар, 32 қыздар) қатысуда. Олар бес күн бойы өзара бәскеге түседі,  деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Биыл төртінші мәрте ұйымдастырылған турнир теннис спортын дамыту, жас спортшыларға қолдау көрсету мақсатында өтіп отыр.

Ашылу салтанатына Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жазира Мусимова қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

– Киелі Түркістан төрінде басталғалы тұрған «Turkestan Open 12 & under» республикалық ашық турниріне қош келдіңіздер. Өздеріңізге мәлім, еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет», деген болатын. Осы бағытта Түркістан облысының спорт саласында айтулы істер атқарылып жатыр. Бүгінгі жарыста баршаңызға сәттілік тілеймін. Тек мықтылар ғана жеңіске жетсін, – деді Жазира Рүстемқызы.

Республикалық теннис турнирінің ашылу салтанатында теннистің дамуына елеулі үлес қосқаны үшін Шымкент қаласының жетекші жаттықтырушысы Сергей Игнатовқа ұйымдастырушылар тарапынан сый-сияпат табыс етілді.

Жалпы аталған жарыс жеке және жұптық сында ұйымдастырылуда. Сайыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом, медальдар табысталады.

Айта кетейік, жалпы бүгінгі таңда «Теннис орталығында» 300-ге жуық шәкірт спорттың үш түрімен кәсіби тұрғыда шұғылдануда. Мұнда үстел теннисі, үлкен теннис және бадмитон спорт түрлері дамытылады.


Рекомендовать
Последние новости