Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2024 жылы 11 банкке қадағалап стресс-тестілеуді (ҚСТ) өткізді. Олардың үлесіне барлық активтердің 85%-ы және елдің банк секторының жиынтық кредиттік портфелінің 86%-ы тиесілі, деп хабарлайды Dalanews.kz.
2024 жылғы стрестік-тестілеуді өткізу үшін Ұлттық Банкпен бірлесіп базалық және стрестік сценарийлер әзірленгені нақтыланады. Стрестік сценарий әлемдік экономикалық күйзелістер мен негізгі салалардағы құлдырау жағдайында экономикадағы жағымсыз өзгерістерді болжады.
"ҚСТ қорытындысы бойынша 11 банктің жиынтық негізгі капиталының жеткіліктілік деңгейі 15,0%-ды құрады, бұл ең төменгі белгіленген 5,5%-дан (буферлерді есепке алмағанда) едәуір асып түседі және банктердің жоғары капиталдандырылуын және экономикалық күйзелістерге орнықтылығын көрсетеді", делінген агенттік хабарламасында.
Мамырдан тамызға дейінгі айлар аралығында дайындық іс-шаралары өткізілді, соның ішінде деректер жинау, модельдерді калибрлеу, сценарийлерді әзірлеу және әдіснаманы бейімдеу. ҚСТ-ның негізгі кезеңі өткен жылғы қыркүйек – желтоқсан айлары аралығында ағымдағы жылғы 1-тоқсанда нәтижелерін бекітумен өтті.
Айта кетейік, 2024 жылы банк секторы активтері 19,7%-ға (10,1 трлн теңге) өсіп, банктердің несие портфелін және мемлекеттік бағалы қағаздар портфелін ұлғайту есебінен 61,6 трлн теңгеге жетті. NPL қарыздарының деңгейі (90+) 3,1%-ды құрады. Қазақстандағы банктердің кеңейтілген тізімі бойынша толық ауқымды қадағалау стресс-тестілеуі 2022 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді.