Қазақстан азаматтарының БЖЗҚ-дағы жинағының тоғыз айдағы табысы 2,09 трлн теңгені құрады

Кәмшат Тілеухан 28 окт. 2024 14:25 2341

2024 жылдың тоғыз айында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы Қазақстан азаматтарының жинағынан түскен инвестициялық таза табыс 2,09 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 716,3 млрд теңгеге немесе 52,3%-ға артық, деп хабарлайды Dalanews.kz.

БЖЗҚ мәліметтеріне сүйенсек, міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), салымшылар мен алушылардың ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған таза инвестициялық кіріс 2,08 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылғы 1,85 трлн теңге көрсеткіштен әлдеқайда жоғары.

2024 жылдың басында жұмыс берушінің аударған міндетті зейнетақы жарналары бойынша қалыптасқан  инвестициялық кіріс  көлемі 160,6 млрд теңге болды.

"Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы МЗЖ, МКЗЖ, ЕЗЖ шоттарынан тұратын БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 2024 жылдың тоғыз айында 11,22% болды (инфляция көрсеткіші 5,7% кезінде). 2024 жылдың басынан бастап 1 қазандағы жағдай бойынша ЖМЗЖ есебінен алынған инвестициялық кіріс 9,19 млрд теңге немесе 8,87%-ды қамтыды. Бұл ретте 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтерінің соңғы 12 ай ішіндегі кірісі 12,47%-ды құрады (инфляция көрсеткіші 8,3% кезінде)", делінген БЖЗҚ хабарламасында.

Айта кетсек, 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 21 179,1 млрд теңгені құрады. Осы күнгі жағдай бойынша міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған, ҚР Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 20 950,2 млрд теңге болды. ҚР Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтерінің көлемі 169,2 млрд теңге болады. Ал ИПБ басқаруындағы зейнетақы активтері шамамен 59,7 млрд теңгеге жетті.


Рекомендовать
Последние новости