Қазақстан арқылы Қытаймен есеп айырысу: Ресейдің жаңа қаржылық айласы

Dalanews 27 сент. 2024 10:25 2427

Ресей банктері мен компаниялары Қазақстанды Қытаймен қаржылық операциялар жүргізу үшін делдал ретінде пайдалана бастаған және бұл процесс АҚШ санкцияларынан кейін айтарлықтай күшейген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Ресейлік қаржы институттары ресейлік бизнес тарапынан юаньға деген сұраныстың артқанын айтады. АҚШ санкцияларының қатаңдатылуына байланысты ресейлік банктер мен компаниялар Қытаймен төлемдер жүргізуге қажетті валюталық операциялар үшін Қазақстанды жиі таңдайтын болған. Атап айтқанда, маусым айында АҚШ Мәскеу биржасына және оның еншілес ұйымдарына (НРД және НКЦ) санкциялар енгізді. Бұл санкциялар Ресейдің шетелдік банктермен, әсіресе Қытай және Түркия банктерімен қарым-қатынасына қатты әсер етті", деп жазады frankmedia.ru.

Енді Ресей импорты мен экспортының елеулі бөлігі басқа елдердегі делдалдар арқылы жүзеге асырылуда. Соның аясында Қазақстан қор биржасында (KASE) юань және рубльмен жүргізілетін операциялар күрт өскен.

Маусым мен тамыз айлары аралығында Қазақстан қор биржасында юань және рубль саудасы екі есе өсіп, орташа айлық сауда көлемі 893 млн юаньды (шамамен $127 млн) және 86 млрд рубльді ($925 млн) құрады. Бұған дейін Frank Media да "рубль-теңге", "юань-теңге" және "еуро-теңге" валюталық жұптарындағы сауда көлемінің айтарлықтай өскенін хабарлаған болатын. Мысалы, тамыз айында "рубль-теңге" жұбы бойынша сауда көлемі 124,2 млрд рубльге жетіп, рекорд орнатқан. Сонымен қатар, шілде айында еуро және юаньға қатысты валюталық сауда бірнеше есе өскен.

Қазақстан Ұлттық банкі Bloomberg агенттігіне берген сұқбатында, Мәскеу биржасында АҚШ доллары бойынша сауданың тоқтауы Қазақстандағы валюталық сауданың өсуіне әсер еткенін айтты.

Сондай-ақ, Ұлттық банк Қазақстанда "доллар-теңге" жұбы бойынша сауданың да жылдық көрсеткіштер бойынша 50%-ға артқанын хабарлады. Бұл өсім экономикалық белсенділік пен сауданың артуымен байланыстырылады.

Ақпарат көздерінің айтуынша, қазақстандық банктер ресейлік бизнес тарапынан юаньға деген сұраныстың үнемі артып келе жатқанын байқаған. Бұл мәмілелер кейде теңгеден басқа валюталарда жүргізілетіндіктен, Ұлттық банктің статистикасында еленбеуі мүмкін. Сондай-ақ, Қытай валютасымен сауда жасау үшін қазақстандық әріптестеріне тек Ресей банктері ғана емес, көрші елдердің банктері де жүгінуде. Көптеген транзакция қазақстандық коммерциялық банктер ішінде жүргізіліп, ресми статистикаға тіркелмей қалуы мүмкін.

KASE деректері бойынша, маусым-тамыз айларында Қазақстан қор биржасында "юань-доллар" кросс-валютасы бойынша сауда көлемі $1,63 млрд құраған, бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 33%-ға көп.


Рекомендовать
Последние новости