Қазақ үйде жартылай жалаңаш билеген жігіт жазадан жалтарып кетуі мүмкін

Көркем Алдабергенова 01 окт. 2024 16:11 2782

Қазақ үйде жартылай жалаңаш билеп, жұрттың ашуына тиген хореограф Алишер Сұлтанбекұлының ісіне қатысты сараптаманың алғашқы нәтижесі шықты, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Бас прокуратура Алишер Сұлтанбекұлының ісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізген болатын. 

Қазақ үйде high heels стилінде (биік өкшелі аяқ киіммен билеу) билеген Сұлтанбекұлына мәжіліс депутаттары шағымданып, Бас прокуратураға сұрау хат жазған болатын. Депутаттар бишінің өнеріне заң тұрғысынан баға беруді сұрады. 

Халық қалаулылары бұл -"қазақтың ұлттық киімі мен мәдениетін қорлау" деп мәлімдеді. Биыл шілдеде Бас прокуратура депутаттардың наразылығына жауап беріп, Сұлтанбековке қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. 

Хореограф Қылмыстық кодекстің 174-бабы (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) бойынша айыпталуы мүмкін. Егер оның кінәсі дәлелденсе Алишер Сұлтанбеков жеті жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Қазіргі таңда, "Курсив" мәліметтері бойынша, бұл іске қатысты сараптама жасалған. Алғашқы мемлекеттік сараптама нәтижесі бойынша, қазақ үйдегі биде қылмыс құрамы жоқ.  

"Қазіргі таңда қосымша сараптаманың нәтижесін күтіп отырмыз. Бірінші сараптама нәтижесі бойынша - қылмыс құрамы жоқ", - дейді биші "Курсивке"

Қазақтілді аудитория Сұлтанбекұлының әрекетін «киеліге қол сұғу» ретінде бағалады. Қазақ халқы үшін киіз үй — қарапайым құрылыстан әлдеқайда үлкен мағынаға ие, ол ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мәдениетіміздің символы және рухани мұра. Қазақтардың мәдениеті сыртқы әлемнің әсерінен өзгеріске ұшыраған кезеңдерде, киіз үй секілді ұлттық нысандар өзінің мән-мағынасын сақтап қалды. Би авторларының әрекеті қазақ халқының рухани құндылықтарына қарсы шығу ретінде бағаланды.

"Сұлтанбекұлы мен оның жақтастары бұл биді «жәй ғана өзіндік көрініс» деп түсіндіргенімен, мәдениет пен салт-дәстүр тек эстетика ғана емес, ұлттық сана мен болмыстың маңызды бір бөлігі екенін естен шығаруға болмайды", - дейді қазақтілді қауым.


Рекомендовать
Последние новости