Қараша айындағы депозиттер санының өсімі бойынша банктер рейтингі анықталды

Кәмшат Тілеухан 10 дек. 2024 15:16 599

Қараша айында салымшылар немесе депозиттер саны бойынша еліміздің қай банктері бәрінен озық болды? Осы сипатта ranking.kz сарапшылары есеп жүргізіп, рейтинг түзді. Оған сәйкес, Қазақстан банктеріндегі салымдар қараша айына қарай рекордтық 39,3 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 18,7%-ға ұлғайды. Оның ішінде халықтың салымдары 21%-ға, 22,7 трлн теңгеге дейін, ал бизнес салымдары 15,7%-ға, 16,6 трлн теңгеге дейін өсті, деп жазады Dalanews.kz.

Жылдық динамикасы бойынша депозит ұстаушы банктердің ішінде сегіз қаржы институты үздік көрсеткіш көрсетті. Жалпы бұл секторда 16 коммерциялық банк бар.

"Еліміздегі үздік банктер арасында жылдық өсім бойынша Bereke Bank көш бастап тұр: бірден 55%-ға, 1,4 трлн теңгеге дейін өсім көрсетіп отыр. Оның ішінде қаржы институтындағы жеке тұлғалардың салымдары бір жылда 61,7%-ға, ал заңды тұлғалардың салымдары 50,4%-ға артты. Айта кетерлігі, ірі ЕДБ арасында банк екі санатта да жылдық өсім бойынша алға шықты", - дейді сарапшылар.

29 қарашада реттеуші тарапынан базалық мөлшерлеме ұлғайтылғаны белгілі. Міне, содан кейін, Bereke Bank жедел түрде желтоқсан айынан бастап өзінің "Копилка" депозиті бойынша СЖТМ-ны 16,2%-ға дейін көтерді. Бұл — күн сайын капиталдандырылатын, қаражатты кез келген уақытта толтыруға және шешіп алуға болатын икемді депозит. Шешіп алу және толықтыру тұрғысынан белгілі бір шектеулері бар жинақ салымдары бойынша банктегі мөлшерлемелер одан да жоғары — 18,2%-ға тең. Бұл нарықтағы ең жоғары мөлшерлемелер болып табылады.

Ірі ЕДБ арасында салымдардың жылдық өсімі бойынша екінші орынға ForteBank орналасты: 31,3%-ға, 2,9 трлн теңгеге дейін өсім көрсетті. Бір жыл ішінде банктегі жеке тұлғалардың салымдары 19,9%-ға, ал заңды тұлғалардың салымдары 38,1%-ға көбейді.

Көшбасшылар үштігін БанкЦентрКредит түйіндеді: салым 29,6%-ға, 4,7 трлн теңгеге дейін өсті. Бір жылда банктегі халықтың депозиті 28,1%-ға, бизнес салымдары 31,3%-ға артты.

Сондай-ақ, Kaspi Bank (бір жылда 25%-ға артты), Bank RBK (20,7%-ға артты), Halyk Bank (17,8%-ға артты), Jusan Bank (7,6%-ға артты), Отбасы банкі (2,5%-ға артты) сияқты жетекші қаржы институттары да оң көрсеткіш көрсетті.

Атап айтарлығы, ҚР ЕДБ салымдарының жиынтық портфелі бойынша халық депозиті 57,7%-ды, ал бизнес салымдары 42,3%-ды құрап отыр.

Салыстырып қарасақ, бір жыл бұрын бұл пайыздық арақатынас 56,6%-ға және 43,4%-ға тең болса, ал 2018–2022 жылдары тепе-тең деңгейде болды.

2018 жылға дейін халықтың салымдары ҚР ЕДБ-дағы депозиттердің жартысынан азын құрады.

Бұған дейін қараша айында отандық банктер арасындағы юань бойынша сауда көлемі 133 есеге өсіп, рекордтық көрсеткіш орнағанын жазған болатынбыз.


Рекомендовать
Последние новости