Оңтүстік Корея президенті халықтан кешірім сұрады

Сағыныш Сардарова 07 дек. 2024 10:57 1333

Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль әскери жағдай енгізгені үшін халықтан кешірім сұрады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол бұдан былай мұндай қадамдарға бармауға уәде берді.

"Шын көңілден халықтан кешірім сұраймын", - деді ол.

Ел президентінің айтуынша, мұндай шараға мәжбүрлі түрде барған.

"Әскери жағдай жариялауға байланысты жауапкершіліктен жалтармаймын", - деді ол.

Оңтүстік Корея парламентінде президентке импичмент жариялау туралы заңға қатысты дауыс беру 7 желтоқсанға Астана уақытымен 15:00-ге белгіленген болатын.

Импичмент жариялау үшін депутаттардың үштен екісінің дауысы қажет. Демек 300 парламентарийдің кемі 200-і қолдауы тиіс. Олар мақұлдаса, Юн Сок Ёльдің өкілеттігі бірден тоқтатылып, оның міндетін премьер-министр атқарады.

Айта кетейік, 3 желтоқсанда кешке Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ель төтенше әскери жағдай жариялады.

Бұл шешім оппозициялық Демократиялық партия Парламентте қысқартылған бюджет туралы заң жобасын қолдап, мемлекеттік аудитор мен бас прокурорға импичмент жариялау туралы өтініш бергеннен кейін қабылданды. Алайда Оңтүстік Кореяның Ұлттық Ассамблеясы елде әскери жағдай енгізілуіне қарсы дауыс берді.

Дауыс беру кезінде Ұлттық ассамблея ғимаратында әскери жағдайды жоюды талап еткен азаматтар әскери адамдармен, полициямен қақтығысып қалды. Сеул көшелерінде әскери техника пайда болды.

Кейін ел президенті төтенше әскери жағдайды алып тастайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, әскери жағдайдағы әскер шығарылған, ал жақын арада Үкімет отырысы өтеді.

Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігі қазақстандықтарға үндеу жасады.

«Корея Республикасы президенті Юн Сок Ель әскери жағдай енгізуіне байланысты Корея Республикасында жүрген Қазақстан азаматтарын сабыр сақтап, жергілікті биліктің ұсыныстарын орындауға және көпшілік іс-шаралардан аулақ болуға шақырамыз», — деп жазылған хабарламада.

Қазақстан азаматтары төтенше жағдай кезінде жедел байланыс үшін мына нөмірлерге хабарласа алады: +8210-6572-9311.


Рекомендовать
Последние новости