ШҚО-да мамандандырылған ХҚКО-ның бұрынғы басшысы сотталды

Қаракөз Амантай 05 дек. 2024 10:25 637

ҚМА-ның Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті “Азаматтарға арналған үкімет” КЕАҚ Өскемен қаласындағы мамандандырылған бөлімінің бұрынғы басшысына қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тергеу нәтижесінде 2023 жылдың ақпан-қазан айлары аралығында күдіктінің жүргізуші куәлігін алу үшін жол қозғалысы ережелерінен теориялық емтихан тапсыратын азаматтардан заңсыз сыйақы жинау схемасын ұйымдастырғаны анықталды.

Агенттіктің Follow the money қағидаты бойынша жүргізілген “Параллельді қаржылық тергеу” жобасы 32 млн теңгеден астам заңсыз табысты әшкереледі. Тергеу барысында күдіктінің банктегі жеке шотына мобильді қосымша арқылы сыйақы аударылғаны белгілі болды. Заңсыз кірістерді жасыру үшін ол өз шоттары арасында бірнеше рет аударымдар жасаған.

Сонымен қатар, күдікті қылмыстық жолмен алынған ақшаға Өскемен қаласында екі бөлмелі пәтер сатып алып, оны анасының атына рәсімдегені анықталды. Кейін пәтерді тәуліктік жалға беру арқылы қосымша 1,2 млн теңгеден астам табыс тапқан.

Сотқа дейінгі тергеу басталғаннан кейін күдікті бұл пәтерді үшінші тұлғалардың атына аударып, тәркілеуден жалтармақ болған.

Сот шешімі бойынша күдікті кінәлі деп танылып, Өскемендегі екі бөлмелі пәтері (19,5 млн теңге көлемінде) мемлекетке тәркіленді. Сондай-ақ оған 3 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.


Рекомендовать
Последние новости