Қарағанды ​​облысында жарылыс болып, үйінді астынан екі мәйіт табылды

Азамат Қойшығара 30 янв. 2024 11:13 1359


Қарағанды ​​облысының Ботақара кентінде тұрғын үйде тұрмыстық газ балоны жарылды. Құтқарушылар құлаған үй қирандыларының астынан екі адамның денесін алып шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.


Оқиғадан 5 адам зардап шексе, оның үшеуі — бала.


Айта кетейік, төтенше оқиға 30 қаңтарда сағат 00:07-де екі қабатты, екі кіреберісі бар 12 пәтерлі тұрғын үйдің екінші қабатында орналасқан пәтерде болды. Пәтердің төбесі мен қабырғалары толық опырылып қалды. Бірінші қабаттағы пәтерлерге де айтарлықтай зақым келген.


Тұрғын үй 2014 жылы салынған. Жалпы ауданы — 510 шаршы метр. Мұнда 46 адам тұрады, жарылыс кезінде 35 адам болған.



Сағат 00:11-ден 03:37-ге дейінгі аралықта жүрген құтқару жұмыстары кезінде қирандылар астынан қаза болған екі адамның денесі шығарылды. Жарақат алған бес адам түрлі дене жарақаттарымен Бұқар жырау аудандық ауруханаға жеткізілді, оның үшеуі — бала. 25 азаматқа жедел психологиялық көмек көрсетілді, — деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметінен.



Төтенше жағдайлар департаментінде 8-7212-517223 номері бойынша жедел желі іске қосылды.


Оқиға орнында жедел штаб құрылды. Жұмысқа 139 адам мен 32 техника жұмылдырылған.



Рекомендовать
Последние новости