Астана медициналық университетіндегі дау: Студент қызға қысым көрсетілуде

Dalanews 30 янв. 2024 11:37 7582


“Ұстазым қол жүгіртті” деп мәлімдеме жасаған Астана медициналық университетінің студенті бүгінде өзге мұғалімдерінен қысым көруде, деп хабарлайды Dalanews.kz KTK телеарнасына сілтеп.


Телеарна мәліметінше, ұстаздың оғаш әрекетін көрген жалғыз бұл қыз емес екен. Профессорға өкпелі бірнеше студент полицияға арыз түсірген. Мән-жайды қазір полиция анықтап жатыр.


Елордадағы медицина университетінің төртінші курс студенті 17 қараша күні оғаш оқиғаны бастан өткерген. Оның айтуынша, емтиханды қайта тапсыруға шақырған ұстазы сол күні ерекше ізетті, сыпайы болып көрінген. Дәрісханаға кірген бойы есікті құлыптап, терезелерді жапқан соң, профессор ерсі қылық көрсеткен.



“Маған “төс тартқышыңды көтер, мен жүрек қағысыңды тыңдауым керек”. деді. Қорыққаным соншалық, есік-терезе жабық , ойлаңызшы, не істерімді білмей, айтқанын бұлжытпай орындадым. Сосын көкірегімді умаждап ұстай бастады. Бір орында қатып қалғанымды ғана білемін. Шамамен бір минуттан кейін есімді тез жиып алдым да, “мен қорқып тұрмын”  деп айттым, ағайға. Сонда оның маған айтқан бар жауабы: “Неге қорқасың? Мен бар болғаны денсаулығыңды тексеріп жатырмын” - дейді Аида Жампейісова.



Осылайша студент көз жасын тыя алмай деканатқа жол тартқан. Алайда оның жанайқайына ешкім құлақ аспаған. Ал басынан кешкенін инстаграмда ағынан жарылып айтқаннан кейін студент қысымға ұшыраған.



“Маған жыныстық азғындық жасаған мұғалімнің отбасы менің ата-анама тікелей қысым көрсетті. Инстаграмда әке-шешемнің аккаунттарын белгілеп, “қыздарыңның тірлігі оңып тұрған жоқ” деген пікірлер қалдырып, кінәні өзіме жаппақ болды. Одан кейін универститет мұғалімдерін де маған қарсы үгіттеді. Сабақта өзге мұғалімдер әріптесін қолдап, маған қысым көрсетті” - дейді жәбірленуші.



Студенттің инстаграмдағы жазбасынан кейін профессордан жыныстық зәбір көрген әр жылдардағы тәлімгерлер өз естеліктерін жарыса жазды. Аидадан бөлек тағы үш студент дәл осы мұғалімнен сексуалдық сипатта жәбір көргенін айтып, полицияға шағымданған.



Адвокат Саида Сүлейменова қазір қорғауында жәбірленушіден бөлек тағы үш азаматтың бар екенін алға тартты.


“Олар профессорға қатысты арыз жазды. Оның екеуі студент, ал біреуі оның пациенті екен. Яғни ол университет қабырғасынан тыс жерде ем-дом жасап, қол жүгірткен” - деп түсіндірді адвокат.



Жәбірленушілердің айтуынша, кей мұғалімдер медициналық тексеріс жасау кейпінде жас қыздардың әр жерінен бір ұстауды үйреншікті құбылысқа айналдырған. Жапа шеккендер мұндай мұғалімдердің атын атап, түсін түстегісі келмейді. Ал айтқандарының ізіне қазір өзге мұғалімдер түсіп, буллинг жасауда.



Қазір осы қыздардың арызы бойынша Сарыарқа ауданының полиция бөлімі істің мән-жайын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастап кеткен.


https://youtu.be/_DD6cSe9TxI


 



Рекомендовать
Последние новости