Алматыдағы 50 мың тұрғыны бар аудан халқы президент Тоқаевқа үндеу жолдады

Мөлдір Қалымбет 30 янв. 2024 12:09 4638


Алматы қаласының «Зерделі» шағын ауданының тұрғындары сапасыз құрылыстың сарсаңынан шаршады. Шағын аудан қалаға 2014 жылы қосылған. Содан бері инженерлік желілері жүйесіз, тіпті толық жүргізілмеген. Жолы да ойқы-шойқы. Тұрғындардың бас ауруына айналған жаңа құбырлар тартылғанмен жер қазу жұмыстары барысында ескілері жарылып, шұңқырларға су жиналуда. Қайта жөндеу жұмыстарының сапасы да сын көтермейді.


Салынғанына 10 жыл да болмаған үйлердің қазіргі жайына алаңдаған тұрғындар дабыл қағып отыр деп жазады Dalanews.kz.


Тіпті, олар құрылыс нормаларын бұзу фактілерін анықтауға Бас прокуратураны тартуға ықпал етуді сұрайды. Шырылдаған тұрғындар «Әділетті Қазақстанды» орнатуға шақыратын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа да хат жолдаған.


 «Зерделі» ауданы 2010-2014 жылдары салынған. Мұнда бүгінде 50 мыңға жуық адам тұрады. Тұрғындар 2016 жылдан бері үйінің қабырғасы сөгіле бастап, төбеде жарықша пайда болып, инженерлік желілердің істен шығуынан мезі болғанын айтады. Оған қоса құбырлардың шіруі, асфальттың шөгуі алаң туғызады.


Тіпті, 2019 жылдың соңында шағын аудандағы №179 үй бір жаққа қисайып, жұрт  жүгін жинап, жаппай көшуге мәжбүр болыпты. 15 сантиметрге қисайған үй тұрғындардың есін шығарған. Сейсмикалық плитасы, іргетасы бірге салынған көрші үйдің тұрғындарында да ұйқы жоқ, олар түнде темір майысып, қабырға сөгілгендей сықырлайтынын қорқынышпен айтады.


Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментіне хабарласқан тұрғындардың толассыз шағымынан кейін әкімдік «ҚазҚСЗИ» АҚ деп аталатын мекемеге тұрғын үйлердің жағдайына сараптама жүргізуді тапсырған. 2 жыл бұрын  «ҚазҚСЗИ» АҚ тексеруді бастаған. Нәтижесінде 32 тұрғын үйдің жүк көтергіш құрылымдарының техникалық жағдайы туралы қорытынды әзірлеп, олардың пайдалануға жарамдылығын қамтамасыз ету бойынша ұсыныс берген.



Бірақ «Зерделі» шағын ауданында 103 көпқабатты тұрғын үй бар. Басым бөлігінің апатты жағдайда екені, айналасындағы инфрақұрылымның жарамсыздығы соқырға таяқ ұстатқандай анық көрінеді.



Дегенмен, мекеме неліктен екені белгісіз тек 32 үйді тексерген. Оған қоса «ҚазҚСЗИ» АҚ өздері ұсынған шаралар үйлердің жарамдылығын қалпына келтіруге толық кепілдік бермейтінін айтқан.


Ал бұл жауапкершіліктен жалтарумен тең сияқты. Сөйте тұра биыл «ҚазҚСЗИ» АҚ «SAPA-NS-KURYLYS» ЖШС өтініші бойынша бұрын тексерілген бірқатар үйдің пайдалануға жарамдылығын анықтайтын қорытынды шығарған.


Бітпейтін мәселенің тағы бір мән берер тұсы бар.


Ол – шағын ауданда су бұру жүйесінің жоқтығы. Тұрғындар ықшамауданды игеру кезінде су бұру жүйесі мүлде салынбағанын, 2021 жылдан бастап алғашқы су бұру учаскелері пайда бола бастағанын айтады. Сондықтан кезінде құрылыс мемлекеттік сараптамадан қалай өткені, Алматы қаласы әкімдігінің жұмыстарды қабылдау кезінде бұл кемшілікті неге ескермегені түсініксіз.


«ҚазҚСЗИ» АҚ өз зерттеу нәтижелерінде арық жүйесі мен аумақтың схемасы дұрыс орындалмағанын көрсеткен. Бірақ шағын ауданда арық жүйесі атымен жоқ. Үйдің астына еріген қар, жаңбыр, ағынды су, оған қоса жарылған құбырдың суы кетеді. Бұрынғы қоқыс полигоны үстіне салынған үйлердің астынан құрылыс қалдықтары табылған. Іргетас астына топырақ салу жұмыстары да талапқа сай емес. Оған төселген топырақтың тығыздалмағаны айғақ. Ең қызығы, осындай көзге көрінетін кемшіліктер болғанмен, жауапкершілікке тартылған жан жоқ.


Тұрғындардың айтуынша, құрылыс нормаларының өрескел бұзылуының,


құрылыс материалдарын қолды ету фактілерінің тағы бір дәлелі – абаттандыру жұмыстарының жүргізілмеуі.



 «Зерделі» ауданы 2010-2016 жылдары пайдалануға берілген. Бірақ аумағын абаттандыру бойынша мемлекеттік сатып алу тек 2020 жылы тұрғындар үйлерінің апатты жағдайда екенін айтып дабыл қақанда, мәселеге бұқаралық ақпарат құралдарын тартқанда ғана басталған.



Пайдаланылған құрылыс материалдарының сапасы да стандартқа  сәйкес келмейді. Тұрғындар аудан аумағын абаттандыру кезінде бар дүниені жүк көлігімен тасымалдап, құрылысшылардың өзі бөліске салып, жоқ қылғанын айтады.


Бүгінгі таңда «Зерделінің» сол әуре-сарсаң күйінде. Өзгерген дүние жоқ. Апатты деп танылып, іргетасын нығайту жұмыстары жүргізілген үйлердің де жағдайы мәз емес. Бүкіл шағын аудан бойынша үйлердің жертөлесін су басып, одан әрі қирауға әкеп соғуда.


Бұл  шағымға Алматы қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сілтеме жасай отырып, әуелден сапасыз салынған құрылысты қайта жөндеу пәтер иелерінің міндеті деп жауап берген. Бірақ бұл ақылға симайды.


Себебі, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үйлерді тұрғындардың көпшілігі Алматы қаласының әкімдігінен жалға алып отыр. Бұл ретте өзі онсыз да сапасыз құрылыстан зардап шегіп отқан  жандардың иығына бар жауапкершілікті арта салу қисынға келмейді.


Мәселенің біржақты болмағанына «Отбасы банкінің» аудандағы үйлерге ипотека беруден бас тартуы да дәлел. Банк «ҚазҚСЗИ» АҚ-ның 2023 жылғы қорытындысына сілтеме жасай отырып, үйлерге қойылған шектеудің жойылғанын мәлімдейді. Бірақ іс жүзінде халыққа ипотека беруден үзілді-кесілді бас тартып отыр.


«Зерделі» тұрғындары жылдар бойы жауапты органдарға жүгініп, табан тоздырғанмен мәселенің майшаммен қаралар ауылы алыс сияқты. Тұрғындар бір-бірінің «артын жылы жабатын» жалған шаралардың салдарымен жалғыз өзі күресуге мәжбүр. Бірақ мүмкін, бұл «Еститін үкіметтің» құлағына жетіп, тұрғындар тілегі орындалып қалар?!


 



Рекомендовать
Последние новости