Air Astana-ның IPO-ға шығатын акцияларының бағасы белгілі болды

Айбар Олжай 30 янв. 2024 10:43 6911


IPO-ға біткен қанат. Акциялар әлеміндегі Феррари – Air Astana роад-шоуы бүгін басталады, – деп хабарлайды Dalanews.kz


Air Astana-ның IPO-ға шығатын акцияларының бағасы белгілі болды. Акциялардың диапазон 956 теңгеден 1237 теңге аралығында саудаланады. Мұны жұрттың барлығы асыға күткені анық. Брокерлер ұлттық әуе компаниясының акциясына деген сұраныс ұсыныстан кемінде 3-4 есе жоғары болатынын айтуда.


2023 жылдың 9 айында Эйр Астана жалпы выручкасы 900 миллион доллар (405 млрд теңге), ал таза табысы 72,4 миллион доллар (32,6 млрд теңге) болды.



Компанияда 92 маршрутқа жұмыс істейтін 50 ұшақ бар. Олардың орта жасы 5 жыл, яғни барлығы дерлік жаңа ұшақтар.



Жалпы, Air Astana қазіргі жағдайында түгелімен 1,2 миллиард долларға бағаланады.


Компания үлесінің 25 пайызы нарықта сатылмақ. Сол арқылы Эйр Астана акционерлері 120 миллион доллар тартамыз деп жоспарлап отыр.


Қазір Air Астананың 51 пайызы Қазақстан Үкіметіне (Самұрық қоры арқылы), 49 пайызы Британияның BAE Systems әскери корпорациясына тиесілі. BAE өзінен біршама акция бөлмек. Және акциялардың қосымша шығарылуы орын алады.


Қазақстан әуе компаниясын өзінің бақылауында қалдыратыны анық. IPO-дан кейін де Эйр Астананың ең ірі акционері мемлекет болады.


Негізі «халықтық IPO» инвесторлар үшін өте табысты. Тек KEGOC-тың соңғы SPO-сы ғана картинаны бүлдіріп кетті. Оның акциялары әлі өспей жатыр және наурызға таман ғана тіріле бастайды.



Енді инвесторлар Кегоктың қағаздарын сатып, түгелімен Эйр Астанаға ауысады деген болжам бар. Өтінімдер кітабында сұраныс өте көп болса, акциялардың алғашқы бағасы да қымбаттау болуы мүмкін. Бізге әрине, оның барынша дисконтпен шыққаны керек.



Air Astana кем дегенде жарты жылда 20% өсім бере алатын сияқты. Халықтың IPO-ның минусқа кеткен жері жоқ. 2022 жылы IPO-ға шыққан Қазмұнайгаз акциялары 38 пайызға, 2018 жылы биржаға келген Қазатомпром 363 пайызға, 2014 жылдан бері Кегок 193 пайызға, 2012 жылы сатылған Қазтрансойл акциялары 12 пайызға қымбаттады. 


Эйр Астана акцияларын қалай сатып аламыз? Ең ыңғайлысы банктің мобильді қосымшалары. ЦентрКредит, Халық банк, Жусан, Фридом қосымшаларында инвестиция деген бөлім бар. Соған кіріп, онлайн брокерлік шот ашып, IPO-ға қатысуға өтініш бересіз. AIX биржасының Tabys қосымшасы да өте қолайлы.


Инвестор халыққа қанат біте бастады. Қазір біз елдегі биржа серпінін көріп отырмыз. Болашақта біздің ішкі биржа бүкіл Орталық Азияға қызмет көрсететін орталық хаб болады.



Рекомендовать
Последние новости