"Путин жасаған сұмдықтары үшін жауап беруге тиіс" - Навальныйдың әйелі

Сағыныш Сардарова 17 февр. 2024 09:59 3688

Кеше ресейлік оппозиционер Алексей Навальный қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған еді. Ол түзеу колониясында отырған жерінде көз жұмған. Оның әйелі Юлия Навальная Мюнхен қауіпсіздік конференциясында мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Ол бұл жайтқа не сенерін, не сенбесін білмеген.

"Бүгінгі сұмдық хабарды бәріңіз естіген шығарсыздар. Осылай шықсам ба, бірден балаларыма ұшсам ба екен деп көп ойландым. Алайда менің орнымда Алексей болғанда, не істер еді деп те ойландым. Оның осында боларына сенімді болдым. Осы сахнада болар еді.

Ресейдегі мемлекеттік ақпарат көздерінен ғана алған сұмдық хабарға сенер-сенбесімді білмей отырмын. Өйткені көп жыл бойы біз Путинге және оның үкіметіне сене алмаймыз, мұны бәріңіз де білесіздер. Олар ылғи өтірік сөйлейді.

Алайда бұл рас болса, Путин мен оның айналасындағылардың бәрі отбасыма және күйеуіме жасағандары үшін жауап беретінін білсе екен деймін және бұл күн өте жақын уақытта туады", - дейді ол.

Сонымен қатар, Юлия Навальная бүкіл әлем қауымдастығын осы жауыздықты жеңуге шақырды.

"Дәл қазіргі Ресейдегі адам төзгісіз режимді жеңуіміз керек. Бұл режим де, Владимир Путин де кейінгі жылдары Ресейге жасаған сұмдық әрекеттері үшін жеке жауап беруге тиіс, - деді Юлия Навальная.

Айта кетейік,  Алексей Навальный - ресейлік саясаткер, заңгер, елдегі жемқорлық пен парақорлықты әшкерелейтін тергеулер арқылы аты шыққан оппозиция көшбасшыларының бірі. Навальный өзін Владимир Путин басқарған Ресей билігінің басты қарсыласы деп атаған. 


Рекомендовать
Последние новости