Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында тараған мәліметке байланысты түсініктеме берді. Онда Қызылорда облысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) қызметкерлері тарапынан есірткі сату дерегі бойынша ұсталған, сондай-ақ басқа бір өңірде пара алу ісіне қатысты күдікке ілінген прокуратура қызметкерлеріне қатысты жағдай баяндалады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"БАҚ-та жарияланған ақпаратқа байланысты Бас прокуратура мынаны хабарлайды: Қызылорда облысында есірткі заттарын сату күдігімен ұсталған тұлға оқиға орын алған сәтте құқық қорғау органдарының қызметкері болып табылмаған. Сонымен қатар, ҰҚК-нің Қызылорда облысы бойынша департаменті мен ҚР Бас прокуратурасы Ішкі қауіпсіздік департаментінің бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Ұлытау облысында ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу тіркелді", – делінген Бас прокуратураның KazTAG редакциясының ресми сұрауына берген жауабында.
Бұған дейін ҰҚК қызметкерлері есірткі саудасына қатысты Олжас Әлиев есімді азаматты ұстағаны хабарланған. Ол Қызылорда облыстық прокуратурасының қызметкері болуы мүмкін деген болжам айтылған. Сонымен қатар дәл сол өңірде Ұлытау облысының прокуратурасында қызмет ететін Самат Қаниев есімді азаматтың пара алу күдігімен ұсталғаны туралы ақпарат тараған.