Поддубный лигасы: Әлем және Олимпиада чемпиондары Алматыда белдеседі

Dalanews 26 апр. 2023 09:57 891

26 сәуір күні Алматыда күрес түрлерінен Поддубный лигасының (PWL) төртінші кезеңі өтеді. Аталған сында әлемнің 15 мемлекетінен келген балуандар өзара мықтыны анықтамақ. Кеше жарыстың басты серіктесі  Olimpbet букмекерлік кеңсесі мен ұйымдастырушылар турнир қарсаңындағы баспасөз мәслихатын өткізіп, балуандардың көз түйістіру рәсімі де жасалды.

Әлем және Олимпиада чемпиондарының басын қосқан дода алдындағы баспасөз жиынына Ресей спорттық күрес федерациясының президенті Михаил Мамиашвили, PWL турнирінің атқарушы директоры Юрий Федоров, Olimpbet букмекерлік кеңсесінің ТМД елдеріндегі маркетинг бойынша директоры Елена Мелешина, Қазақстан күрес федерациясының вице-президенті Марат Мұзапаров және грек-рим күресінен екі дүркін Олимпиада, үш дүркін әлем чемпионы Роман Власов пен Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, қазіргі әлем чемпионы Ақжол Махмұдовтар қатысты.

Баспасөз мәслихатында сөз алған Елена Мелешина Olimpbet букмекерлік кеңсесі еліміздегі күрес түрлерін дамыту үшін қолдау көрсетіп жатқанын мәлімдеді.

«Шыны керек, мұндай ауқымды жарыс алдында аздап қобалжып тұрмыз. Мен үшін күрес ол нағыз ер азаматтар айналысатын спорт. Бұл турнир күрестің жанкүйерлерін одан әрі арттыра түседі деп үміттенеміз. Әрине, күрес қазірдің өзінде өте беделді спорт түрі саналады. Десе де, бұл дода күрестің танымалдығын тағы да көтереді деген ойдамыз. Бізді керемет тартысты кездесулер күтіп тұр деген сенімдемін. Одан бөлек, күресті Қазақстанда қатты жақсы көреді және дәстүрлі спорт түрі санайды. Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясымен бірге Поддубный лигасымен де әріптестік қарым-қатынас орнату – бұл демеуші болудан да артық нәрсе. Қазақстандық балуандар да бақ сынайтын күрес Лигасына көмектесе алатынымыз үшін қуаныштымын! Мұндай тарихи оқиғаның бір бөлшегі болу өте маңызды нәрсе», - деді Елена Мелешина.



Поддубный лигасының атқарушы директоры Юрий Федоров турнирді Алматыда ұйымдастыруға не себеп болғанын да айтты.

«Бұған дейін біздің лиганың үш турнирі өтті. Оның екеуі - Мәскеуде, бірі – Қырғызстан астанасы Бішкекте ұйымдастырылған. Осы жолы Алматыны таңдауымызға бірнеше себеп болды. Ең негізгі себеп – біздің бас демеушіміз Olimpbet букмекерлік кеңсесінің ұсынысы еді. Бұл компания букмекер нарығындағы үздіктердің бірі саналатынын білесіздер. Одан бөлек, біз турнирге арналған стримингтік канал құрғанбыз. Сол канал арқылы Қазақстандағы жанкүйерлеріміздің көп екенін байқап, Алматыда балуандардың тартысты бәсекесін өткізу туралы шешім қабылдадық», - дейді Федоров.


Ал аты аңызға айналған балуан, Ресей күрес федерациясының президенті Михаил Мамиашвили бұл бәсеке спортшыларға үлкен жол ашатынын айтты.

«Балуандар өз шеберлігін арттырып қана қоймай, ақша табуы да керек. Бұған Поддубный лигасы көмектеседі. Ал мен бізді керемет кездесулер күтіп тұрғанына кәміл сенемін», - деді Мамиашвили.

Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өтетін Поддубный лигасы биыл 15 елден келген спортшылардың басын қоспақ. Балуандар бәсекесінде грек-рим, еркін және әйелдер күресінен тартысты кездесулер өтеді. Еркін күресте Олимпиада чемпионы Заур Угиев (Ресей) пен қазіргі әлем чемпионы Зелимхан Абаканов (Албания) арасындағы кездесу көпшілік назарын аударатыны анық.



Ал грек-рим күресінің жұлдыздары – екі дүркін Олимпиада, үш дүркін әлем чемпионы, ресейлік Роман Власов пен әлем және Азия чемпионы, Олимпиаданың күміс жүлдегері, қырғызстандық Ақжол Махмұдов арасындағы белдесуді көрген де, көрмеген де арманда. Қос мықтының өзара тартысын Балуан Шолаққа жиналған көрермендер ақылы стриминг каналдың жазылушылары тамашалай алады.Власов пен Махмудов арасындағы кездесу PWL-4 додасының басты жекпе-жегі болмақ.

"Мен бұл белдесуді асыға күттім. Себебі біздегі жағдай орын алған соң, Ақжол Олимпиаданың күмісін иеленіп, әлем чемпионы атанды. Ресейлік балуандар халықаралық жарыстарға қатыса алмаған соң, Ақжол екеуміздің жолымыз түйіспей кетті. Ертеңгі кездесуге тас-түйін дайынмын", - деді Власов.


Ақжол болса, алдағы жарыстар кестесі белгісіз болғанына қарамастан, тоқтаусыз жаттығып жүрген ресейлік балуандарға алғысын айтты.

"Мен қолымнан келгеннің бәрін істедім. Енді тек ертең кілемге шығып, белдесу ғана қалды. Қолдаушыларға рахмет. Осы орайда, жарыстарға қатысу мүмкіндігі белгісіз болса да, аянбай тер төгіп жүрген ресейлік балуандарды ерекше атап өткім келеді",  - деді Махмудов.

Сондай-ақ бұл бәсекеге қазақстандық үш балуан қатысқалы отыр. Олар – еркін күрестен Азия чемпионы Болат Сақаев, еркін күрестен екі дүркін Азия чемпионы, әлем біріншілігінің қола жүлдегері Азамат Дәулетбеков және әйелдер күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Жәмила Бақбергенова.

Азамат Дәулетбековтің қарсыласы – ресейлік Арслан Багаев. Болат Сақаев PWL-2 турнирінің жеңімпазы, ресейлік Ахмед Усмановпен белдеседі. Жәмила Бақбергенова PWL-2 турнирінің екі дүркін чемпионы, ресейлік Ксения Бураковаға қарсы шығады.



Одан бөлек, Алматыдағы балуандар бәсекесінде Олимпиада чемпионы Луис Альберто Орта Санчез (Куба), Олимпиада жүлдегердері Сергей Семенов (Ресей), Гаджи Алиев (Әзірбайжан), Бат-Очир Болортуя (Моңғолия), әлем чемпиондары Анастасия Никита (Молдова), Жооламан Шәршенбеков (Қырғызстан), Малхас Амоян (Армения), Абасгаджи Магомедов (Ресей), әлем чемпионатының жүлдегерлері Магомед Курбанов (Ресей), Батырбек Цакулов (Словакия), Санан Сүлейманов (Әзірбайжан), Айк Мнацаканян (Болгария), Оскар Пино Хиндс (Куба) бозкілемге шығады.

Жалпы алғанда PWL-4 додасында 13 елдің балуандары бақ сынамақ. Поддубный күрес лигасы – әлемнің үздік балуандарының қатысуымен өтетін кәсіби балуандар лигасы. Мұндағы жүлде қоры да қомақты. 2022 жылы турнир үш рет ұйымдастырылды. Оның екеуі Мәскеуде, біреуі Бішкекте өткен. Осы уақытқа дейін Поддубный лигасында әлемнің 15 мемлекетінен мыңға жуық балуандар қатысты. Олардың қатарында бес Олимпиада чемпионы, төрт әлем чемпионы мен оннан аса Олимпиада, әлем, Азия және Еуропа чемпионаттарының жүлдегерлері бар. Турнир биыл да ауқымын кеңейткелі отыр.

 

Рекомендовать
Последние новости