Перуашевпен шекісіп қала жаздадық. Ашудан қалтырап кеттім - экс-депутат Божко

Dalanews 09 июл. 2021 10:47 968

Экс-мәжілісмен Владимир Божко "Ақжол" партиясының төрағасы Азат Перуашевпен араздасып қалған кезін еске алды деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Мәжілісте отырғанда дәл осы Божко "Ақжол" партиясын "айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады" деген сыңайда сынаған еді.

"Караванға" берген сұхбатында экс-депутат "ақжолдықтарды" популистер деп атап, тағы бір мәрте түйреп өтіпті.

"Ылғи да ұрандатып, жалаулатып жүреді демеймін. Көптеген актуалды мәселелерді көтере білді бұл партия, көтеріп те жүр. Тек кей кездері адамның құлағына түрпідей тиетін, ақылға сыймайтын даңғазалықпен айналысып кетеді", – деген Божко коммунистік идеология ұстындарына адал екенін айтыпты.

Соның ішінде Комсомол күнін тойлау Божко үшін бұлжымас міндет. "Ақжолдың" тізгінін ұстаған Азат Перуашевпен осыған байланысты сөзге келіп қалған.


"Комсомолдың 100 жылдығы қарсаңында "ақжолдықтардың" бірі Мәжілістегі әріптестері мен партияластарын тоймен құттықтап, пейілін білдірген еді. Сол-ақ екен Перуашев дүр көтерілді, әлгі депутатты қағып-сілкіп алды. Бұл елде комсомолдың аты өшкенін айтып, Қазақстан өз қолы өз аузына жеткен дербес ел екенін еске салды. Әлгі жерде шалқамнан түсе жаздадым, ашуға мінгенім соншалық Перуашевпен кіржіңдесіп қалдық", – дейді Божко.

Ал осының бәрін сырттай бақылап отырған сол тұстағы Қазақстан коммунистері Божкоға ара түсуге асықпаған көрінеді.

"Олар да "ақжол" секілді айғайшыл. Менің кезімде фракция мүшелерінің саны 7 адамнан тұратын еді. Азғантай болса да Үкіметтің атына өткір сауал жолдап, тынып таппайтын", –дейді Божко.

...

Еске салайық, осыдан үш жыл бұрын сол тұстағы Мәжілістің вице-спикері Владимир Божко үкімет сағатын комсомолдың 100 жылдығымен құттықтаумен ашқан. Ал Сейдуманов сияқты депутаттар комсомолды адамзаттың ұлы идеясына қызмет етті деп көсілген.

"Комсомол адамзаттың ең жоғарғы идеяларына қызмет етті. Құранның, Інжілдің және басқа да киелі кітаптардың идеяларына, сол қоғамның идеалына қызмет етті. Коммунизм идея түрінде шын мәнінде киелі қасиетті еді. Рас, репрессиямен, дұрыс басқармаумен оны бүлдірді. Оның атына кір келтірген – комсомолдар емес коммунистер", – деген еді Сейдуманов.

Ал Қуаныш Сұлтанов "Комсомол тойы - 100 жылда бір өтетін ғажап жиын!" деп баға берген.

Сол кезде Азат Перуашев бастаған бірқатар мәжілісмендер бұл күнді мереке емес, қасірет күні деу керек деп Божконы қорғаштаған "комсомолшыл" депутаттардың ызасына тиген еді.

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости