Пантымен емдеу: Шығыс Қазақстанда туризмнің жаңа бағыты даму үстінде

Dalanews 22 дек. 2021 06:40 907

Бұған дейін Шығыс Қазақстандағы бұғы мүйізімен емдеу орталықтары тек жазғы маусымда ғана жұмыс істейтін. Бұдан былай мұндай орталықтар қыс кезінде де есігін айқара ашпақ. 

Себебі, бұларға деген сұраныс жоғары. Ендігі жерде пантымен емделгенді құп көретін туристер мұндай шипажайларға жыл оны екі ай бойы келе алады.  Сұраныстың ұдайы өсіп жатқандығын ескерген кәсіпкерлер, елдің пікірін елеусіз қалдырмаған.

Шығыс Қазақстандағы Қатон-Қарағай ауданы еліміздегі марал шаруашылығын дамытып отырған бірден-бір өлке. Пантымен емдейтін орталықтардың басым бөлігі осы ауданда орналасқан.  Осы күнге дейін бұғы мүйізінің қанына мамыр мен шілденің аралығында ғана шомылуға болатын. Бұл туристер үшін тым аз уақыт еді.

Осыны ескерген шипажай иелері ем іздеп келген азаматтарды қыстың көзі қырауға қарамай қабылдап жатыр.

Қатон-Қарағайдағы осындай орталықтың иесі Нәзерке Асқарованың айтуынша жазғы маусымда клиенттің көптігіне байланысты емделушілердің көпшілігі қабылдауға үлгермей қалады. Жазғы демалысты бала-шағасына арнайтындықтан, пантамен емделуге уақыт бөле алмайды. Ал қысқы маусым туристер үшін қолайлы уақыт.

"Күннің суығына қарамай келіп жатқан туристер көп. Елдің түкпір-түкпірінен ағылып келуде, тіпті алыс-жақын шетелден келіп жатыр. Күні кеше Мәскеуден бір топ адам келді. Олардың Қатон-Қарағайға қызығушылығы ерекше, мұндағы табиғатқа тамсанып жүр", – дейді шипажай директоры.


Ерекше ем іздеп, ат арылтып келгендердің қарасы енді қысы-жазы үзілмейін деп тұр. Барлығы да өздеріне ыңғайлы уақытта шипалы су түсіп, денсаулығын түзеуге ниетті. Айта кетелік марал мүйізінің сорпасы амин қышқылдарына бай. Бүгінгі таңда Қатон-Қарағайда 3500-ден астам марал бар. Әйтсе де, бұл кәсіптің машақаты да жетіп артылады.

"Осы себепті жазғы маусыммен шектеліп қалмай, қысқа маусымда да табыс табуды жөн көрдік және соған лайық жағдай жасаймыз. Сервис дұрыс болса, туристер қысқы уақытта да көптеп келеді", – дейді кәсіпкерлер.

Қатон-Қарағайда шаңғы курорттары да көптеп ашылып жатыр. Айта кету керек, ауданда шаңғы тебу маусымы биыл жылдағыға қарағанда ерте басталды. Қазір тауға күніне мыңға жуық турист келеді. Енді олардың қатарын марал мүйізінің қанын іздеп келушілер көбейткелі отыр.

Рекомендовать
Последние новости