Глубокое ауданында майлы дақылдарды өңдейтін зауыт ашылады

Dalanews 22 дек. 2021 07:18 685

Глубокое ауданындағы Предгорное ауылында майлы дақылдарды өңдейтін зауыт құрылысы жүруде. 

Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін май өнімдерін өндіріп, тауарын Қазақстанға нарығына шығаратын болады. Майлы дақылдарды өндейтін зауыттың іске қосылуы ауданның экономикалық-әлеуметтік өміріне оң өзгеріс әкелмек.

"Қарапайым бұйымдар экономикасы" бағдарламасының шеңберінде ашылғалы отырған кәсіпорынның құрылысын «Аltyn Shyghys» ЖШС-ы жүргізуде.

Жобаның құны 28 млрд 781 млн теңгені құраған. Аталған қаражатқа май өндіруге қажетті құрылғылар сатып алынады. Зауыт күніне 1,5 тонна майлы дақыл өңдейтін қуатқа ие болмақ. Ал шикізатты жергілікті шаруалардан сатып алады. Сонымен қатар көршілес өңірлердің кәсіпкерлері де күздік өнімін зауытқа өткізе алады.

ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері атап өткендей мұндай деңгейдегі кәсіпорынның ашылуы өңір экономикасына да оң әсерін тигізбек.

"Күнбағыс дақылын жинау жөнінен Шығыс Қазақстан облысы ел көлемінде көш бастап тұр. Жылына 500 мың тонна шекілдеуік жиналады. Ашылғалы отырған кәсіпорын майлы дақылдармен айналысатын шаруаларға септігін тигізіп, олардың жұмысына серпін берері сөзсіз. Ең бастысы зауыт аудан тұрғындарын жұмыспен қамтиды", – дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері.

Кешен толық іске қосылғанда 140 адам тұрақты жұмысқа орналасады. Ал өңірдегі майлы дақылдар өндірісі жылына 300 мың тоннаға дейін артқалы отыр. Кәсіпорынның табысы молайғанда бюджетке түсетін түсімнің де көбейетіні бесенеден белгілі.

"Кәсіпорынға құрылысына жұмсалған қаражатты 7 жылдың ішінде ақтап алуды көздеп отырмыз. Барлығы нарықтағы ахуалға байланысты. 2022 жылы май сығымдауды, ал 2023 жылы тазарту жұмыстарын бастап кетеміз. Болашақта кәсіпорын аясында тауарды экспортқа шығаратын логистикалық хаб құру ойымызда бар", – дейді «Аltyn Shyghys» ЖШС-ды өкілі Павел Писаренко.

Май өндіруге қажетті құрылғылар қазірдің өзінде жеткізіліп қойған. Құрылыстың жалпы аумағы 5,5 га алып жатыр. Логистиканы жолға қою үшін темір жол торабы да жүргізілген.

 

Рекомендовать
Последние новости