"Өзіміз мұнайдың үстінде отырмыз". Су тасқыны болған Құлсары халқы не талап етіп отыр?

Сағыныш Сардарова 03 мая 2024 14:57 2508

Құлсарыда су тасқыны болып, тұрғындар үйінен, мүлкінен айрылды. Тіпті адам шығыны да тіркелді. Қиналған Құлсары халқының талабы да бар, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жергілікті басылымдар мәліметіне сүйенсек, Құлсарыда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар орталық алаңға жиналған. Олар бүлінген үйлерінің шаршы метрі үшін 400 мың теңгеден төлем талап етіп отыр екен. Ондаған адам талабы орындалғанша, бұл жерден кетпейтіндерін де айтқан.

"Көпшілігі баспаналарын техникалық тексеруден өткізіп, қорытындысын алған. Олардың арасында үйлеріне мамандар келмегендер де бар. Құлсарындықтардың тағы бір талабы - бағалау мәселесін бір апта ішінде шешіп, сол мерзімде шоттарға аудару", - деп жазды "Ақ Жайық" басылымы.

Жиналғандардың бірі Жазира Құлмұхановаүш баласымен туыстарының үйінде тұрудан шаршағанын айтады. Ол бұл мәселені тез арада шешуді талап етеді. Оның сөзінше, Құлсарыдан енді жаңа үй ала алмайды, өйткені ол тұрған қаладағы жаңа шағынаудандардың біріндегі барлық үйді су басқан.

Оларға жер телімдері үш жылдың ішінде игеру шартымен берілгені белгілі. Жиналғандар арасында су тасқыны келгенше жаңа үйлеріне бірнеше күн ғана тұрғандар да болды. Тұрғындардың бәрі Тоқаевқа жүгінсек, Қазақстан Президенті жанайқайымызды естіп, бұл мәселені жеке бақылауына алуы керек деп отыр.

Тағы бір тұрғын Толқын Қожахметова 369 мың теңге көлеміндегі бір рет берілетін материалдық көмек есебінен сарай жалдап отырғанын айтты. Алайда мұндай жағдай қанша уақытқа созылатыны белгісіз екеніне налып, мәселені тезірек шешуді сұрады.

"Ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Қартайғанда енді рахат өмір сүреміз дегенде мынау аяқастынан... Енді қалай өмір сүреміз деп басымызды қатырып жүрміз! Мұнай үстінде отырмыз өзіміз осы тұрғанда. Тұрғын үй алаңына қарай 1 шаршы метрге 400 мың теңге төленсін. Үйлерді қалай салуды және қайда тұруды өзіміз шешеміз", - деді Қожахметова.

Тұрғындар алдына аудан әкімі Жұмабек Қаражанов пен оның орынбасарлары Гүлнафиз Айшуақова мен Нұрболат Сарманов шықты.

"Әкім бағалау 15 мамырдан кейін шығады деп уәде берді, бірақ бұрын 2 мамыр деген еді. Біз бұдан былай күте алмаймыз!" – деп айқайлады тұрғындар.

Қала басшылығы тұрғындарға бағалаушылар жақын арада баратынын, баспана үшін барлық өтемақы төленетінін айтып уәде берді. Жиналғандар түнгі сағат 2-лер шамасында тараған.


Рекомендовать
Последние новости