"Ойы - мұнай сатып, қалтасын толтыру, спортты қайтсін?!" Бапи Құлыбаевты сынап тастады

Dalanews 17 янв. 2024 09:07 2195

Депутат Ермұрат Бапи Ұлттық Олимпиада комитетіне Тимур Құлыбаев басшылық қызметке келгеннен бастап қазақ спорты құлдырап кеткенін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында Бапи Парижде де қанжығамыз майланбай ма деген қауіп барын жасырмады.

Оның пайымынша, бұған ықпал етіп отырған жайттың бірі - Ұлттық Олимпиада комитетінің құрамы.

"Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті қызметіне Тимур Құлыбаев келгеннен бері елдің спорттық жетістіктеріміз құлдырай бастады. Тағы бір атап өтерлік жәйт – Тимур Құлыбаев келгелі Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылығына кілең "Ескі Қазақстанның" өкілдері іріктеліп алынды. Оның ішінде, бір-біріне айнымас құда-жекжаттар мен миллиардер күйеудің олигарх-достары өріп жүр.


Сонымен қатар Комитетке мүше болып сайлануға 70 жастық шектеу белгіленген. Қазіргі мүшелердің ішінен бұл цензден асып кеткендер де, күні ертең толайын деп отырғандар да бар. Ұлттық Олимпиада комитеті басқарушы органының осындай шал-шауқандар құрамымен қандай жеңіске жетуге болады?" - деді депутат.

Ермұрат Бапи Тимур Құлыбаев Қазақстанның ең ірі 50 жеке бизнесі қатарына кіретін компаниялардың активтерін иелене отырғанын, ал бұл дегеніміз спортты дамытуға мүлдем уақыты жоқ дегенді білдіретінін ашық айтты.

"Оның ойы елдің мұнайын сатып, қалтасын толтыру. Спортты қайтсын?! ...Париж Олимпиадасы қарсаңында мұндай жағдайға мүлдем жол берілмеуі тиіс! Ұлттық Олимпиада Комитетіне түбегейлі өзгерістер керек", - деді Бапи.


 

Рекомендовать
Последние новости