«80 бала сатылған». Бельгиялық Жәнібектің ісі балалар үйінің былығын аша ма?

Dalanews 17 янв. 2024 11:03 2461

Анасын аңсап, елін іздеп еміреніп келген Жәнібектің тұмсығы тасқа тиіп, тауы шағылып қайтқанын бүкіл Қазақстан біледі. Кімді айтып отырғанымызды сезген боларсыздар. Белгиялық әйел асырап алған Эдди Жан – біздің Жәнібек туралы болып отыр әңгіме.

Жөргегінде сатылып, жатжұртта жатбауыр болып өскен жігіттің мәселесі біраз былықтың бетін ашатын сияқты. Жан Эддиді тауып берген белгілі журналист, «Бармысың, бауырым?» радиохабарының жүргізушісі Қымбат Досжан 2000-2004 жылдар аралығында Арқалық қаласындағы балалар үйінен 80-нен аса баланы шетелдіктер асырап алғанын айтады.

Белгияға сатылып кеткен қазақ баласының ісі бас прокурорға жолданған. Бұл туралы Қымбат ханым: «Арқалық қалалық полиция басқармасында Бельгия азаматы Жан Эддидің атынан және Қазақстандағы заңды өкілі ретінде менің атымнан соталды тергеп-тексеру бойынша іс қозғалған болатын. Алайда қылмыстық іс қандай да бір қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болмауына байланысты қысқартылды.

Қазіргі жаңалығымыз Жан Эддиді асырап алған бельгиялық азаматша Қазақстанға келмей тұрып, Жәнібек Жұмағұловтың суреті мен жеке мәліметін электронды пошта арқылы алғанын мәлімдеді. Одан бөлек, асырап алған адам Арқалыққа келгеннен кейін бір кісіге қомақты қаржы бергенін де айтты», – дейді.


Жазбамыздың басында ескерткеніміздей, Эдди әңгімесінің соңы біраз былықтың бетін ашатын сияқты дегеніміз сол. Бұл жерде Жәнібектің қомақты ақшаға сатылғаны анық болып отыр. Оны кім сатты? Қымбат Досжан ханым мәлімдеген Арқалық балалар үйінен сатылған сексен бала қазір қайда?

Оларды кім немесе кімдер саудаға салды? Ақшаны жеке адам алды ма, әлде балалар үйіне аударылды ма? Ол кезде балалар үйінің басшысы кім еді? Осы сұрақтар терең зерттеуді қажет етеді. Сонымен бірге, сәби саудасының артында қандай ірі тұлғалардың тұрғанын, кімдердің рұқсат бергенін ашық айтатын уақыт та жеткен сияқты...

Қ.Досжан Жан Эддимен бірге балалар үйінен сатылған сексен баланың тағдырына алаңдап сұрау салыпты.

«Бұл баланың барлығы заңды түрде шетел асты ма? Осы мәліметтерді ескере отырып, біздегі сараптама және зерттеу қорытындыларын негізге ала отырып, Арқалық қалалық полиция басқармасында қозғалып, кейін тоқтатылған істі тек «салғырттық» бабы бойынша емес, «кәмелетке толмағандар саудасы» бойынша қайта қозғалуын сұрап еліміздің Бас прокурорына xат жолдадық.


Редакция Парламент Мәжілісінің депутаты заңнама және сот құқықтық реформа комитетінің мүшесі Абзал Құспанмен де жолығып, заңгерлік кеңес алды. Депутат бұл маңызды мәселеге бұдан әрі қарай да көмек беретінін айтты», – дейді.

Қымбат Досжанның айтуынша, ресми органдарға жолданған хаттардан кейін маңызды шешім қабылдануы керек. Бұл жағдай Мемлекет басшысының да назарына жеткен.

Естеріңізге сала кетсек, Эдди Жан дүниеге келгенде, оған «Жәнібек» деген керемет есім берілген. Алайда ол өзін Мұрат деп атайды екен. Оның себебі осы уақытқа дейін айтылды.

Рекомендовать
Последние новости