"Орынбор, Омбы біздің жер...". Қазақ әскериі орыс депутатын орнына қойды

Dalanews 23 дек. 2020 14:33 2637

Тәжік-ауған шекарасындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан жауынгерлер одағының төрағасы, запастағы подполковник Мұрат Мұхамеджанов Ресейдің Дума депутаты Евгений Федоровпен айтысты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

"Қазақ жері кімге тиесілі?" деген тақырыпта өткен тікелей эфирде Мұхамеджанов орыс депутатының бірқатар аргументін жоққа шығарып, оның арандатуы мен айыптауына төтеп берді.

Айта кетелік атышулы Федоров бұған дейін "Ресей ұланғайыр территорияны Қазақстанға сыйға тарта салды" деген пікір білдірген. Қазақстанның аталған аумақты Ресейден жалға алып отырғанын, күндердің-күні бұл территорияны Кремльге қайтаруы керектігін айтқан.

Соның алдында тағы бір Дума депутаты Вячеслава Никонов "Қазақстанның теріскей өңірі Ресейге тиесілі" деп мәлімдеген.

"Қазақстан деген мемлекет жер бетінде болған емес. Солтүстік Қазақстан иен жатты. Қазақтар әрі кетсе оңтүстікті мекендеді. Ресей өз тарапынан мұншама көлемдегі территорияны Қазақстанға сыйға бере салды", – деген еді ол.

Ресей депутаттарының мәлімдемесі қазақтардың ашу-ызасына тиіп, елдің Сыртқы істер министрлігі Мәскеуге нота жолдаған.


Тікелей эфирде өткен дебатта қазақ подполковнигі Федоровқа қарымта қайтарып, Ресейге өтіп кеткен қазақ жері туралы сөз қозғады.

"Сіздерде Орынбор, Омбы, Түмен, Астрахан, Томбы секілді қалалар бар. Бұған Алтай аймағы, Орал атырабын қосыңыз. Осы арада сізге ұнамайтын шындықты айтайын. Мұның бәрі бір уақытта қазақ халқының қарамағында болды, қазақ халқына тиесілі еді.

Біз бұл мәселені ашық көтергіміз жоқ. Президентіміз халыққа басу айтып, аталған тақырыпты талқыламауды сұрағаннан кейін жылы жаба салдық.

Қазақcтанда орыстың жері жоқ! Ресей бізге ештеңені сыйға тартқан емес, керісінше КСРО құлағаннан кейін тарихи тұрғыдан Қазақстанға тиесілі ұланғайыр аумақ Ресейдің құрамына өтіп кетті.


Кім-кімге сый жасағанын мына біз жақсы білеміз...", – деді Мұрат Мұхамеджанов.

Бұдан бөлек ол  Ресейдің құлаған империяның жалғыз мұрагері емесін, бұған КСРО құрамында болған басқа да мемлекеттердің заңды құқығы барын айтты.

Федоров бұған дейін: "Егер Қазақстан КСРО-дан шығатынын хабарлаған болса және осы одаққа ұқсас ұйымға кіруден үзілді-кесілді бас тартса, ендеше КСРО мүшелігінің шартына сай олар бұл территорияны қайтарып беруге тиіс, мұндай заңға Қазақстан депутаттары қол қойған" – деп мәлімдеген-тұғын.

Қазақ подполковнигі Дума депутатының бұл аргументін де іске алғысыз етті.

"КСРО құрамынан алғашқы болып шыққан өздеріңіз емес пе? Мұны қалай ұмыттыңыздар? КСРО-дан алғашқы болып шығып, одақпен біржолата ат-құйрығын үзіскен Ресейдің өзі еді.

Ал біз тәуелсіздік алғанымызды 1991 жылдың желтоқсанына дейін созып, әзер жарияладық. Демек Қазақстан одақ аясындағы барлық талаптар мен келісімдерді мүлтүксіз орындады. Ресей мұның бәрінен аттап өттіп 1990 жылдың 12 маусымында егемендігін жариялап жіберді.

Бұдан кейін бізді қай бетіңізбен сөгіп отырсыз? Өздеріңіз кінәлі бола тұра, кемшілікті бізден іздегеніңіз қалай?", – деді қазақ подполковнигі.

Артынша Федоровтың ауған жерінде соғысқан сарбаз екенін еске салып, отан үшін отқа түсе алмаған депутатты түйреп өтті.


"Өзіңіз білдей полковник екенсіз. Ауғанстандағы соғысқа қатысып, КСРО-ға адал қызмет етуге ант етіпсіз. Егер шын батыр болсаңыз, сол соғыста көзсіз ерлік жасап, жан тапсыруыңыз керек еді. Отан үшін қан кешіп, сүйегіңіз ауған жерінде қалуға тиіс еді. Әзір алдымда отырсыз. Соған қарағанда отаныңызға деген махаббатыңыз алдамшы секілді. Қолыңыздан келері арандату ғана, адамдарды адастырып, араздастыруды ғана білесіз", – деді қазақ әскериі.

Ол Қазақстанның тәуелсіздікті оңайшылықпен бермесін, осынау қастерлі құндылықты қасық қаны қалғанша қорғайтынын айтты. Сөй деген Мұхамеджанов Ресей депутатының назарын Қазақстанның ту сыртында тұрған түркі әлеміне аударды.

"Түркі әлемі тұрғанда Қазақстан жауға алдырмайды. Түрік бауырлар елімізге кез-келген уақытта қол ұшын созуға әзір. Ертең соғыс тұтанса Қазақстан соқа басы сопайып жалғыз қалады деп ойламаңыз.

КСРО? Қызыл империя келмеске кетті. Мұндай мемлекеттің жұрнағы да жоқ және болмайды да. Тәуелсіздік үшін жан пида!

Қазақстан ешкімге соқтықпай, жәй жатқан ел. Біз елді елге айдап салмаймыз, керісінше мына әлемде бейбітшілік орнатуға атсалысамыз. Біреудің жерін иемденіп алғысы келетін арам пиғылымыз жоқ. Досқа адал, дұшпанға қаталмыз.

Осы күнге дейін Ресейді одақтасымыз деп ойлап келдік. Сіз секілді ортағасырлардың өлшемімен ойлайтын саясаткерлер одақтасымызға қатысты көзқарасымызды түбегейлі өзгертті", – деді қазақ әскериі.

Дебат барысында Мұхамеджанов Қазақстанға пана болар түркі елдерін бірнеше рет мысалға келдірді.


"Қазақстандағы халық саны 18 млн-ға жетеқабыл. Иә, алақандай ғана елміз. Алайда артымызда түрік әлемі бар. Мұсылман бауырлар бар. Аузына келгенді көкитін кейбір ресейлік шенеуніктердің астыртын жоспарын күл-талқан ететін күшке иеміз", – деді қазақ подполковнигі.

...

Артынша Ресей депутатымен өткен дебатқа қатысты Азаттық рухына сұхбат берген Мұхамеджанов Федоровті ой-өресі төмен, заңды жете білмейтін сауатсыз шенеунік деп атады.

"YouTube-тегі видеоның дыбысы жетінші минуттан бастап жойылып кетіпті. Не себепті жойылғаны өз басыма белгісіз. Видео 40 мыңнан аса аудиторияға таралып үлгеріпті. Дебатты көргендер Федоровтың қаншалықты сауатсыз, біліксіз екеніне көзі жетті.

Ол кеңестік идеологиямен әлі күнге дейін қоштаса алмай жүр. Әлі күнге дейін өткен күнді еске алып, көз жасын көлдетіп келеді. Ол кез енді оралмайды. Қызыл империяның оты өшті. Оған осы жайында тура айттым. Қазақстан мүлде басқа жолға түскенін, мүлде басқа идеологияны таңдағанын жіліктеп жеткіздім.

Ой, орта өзгерді. Қазіргі ұрпақ КСРО кезеңін құлдық дәуір ретінде қабылдайды. Ресейді отарлаушы ретінде көреді. Бұл дұрыс та. Кеңес одағы қазақ ұлтының төбесінде әңгіртаяқ ойнатты. Алаштың арыстарын Сібірге айдап сорлатты, қазақтың тең жартысын аштап қырып, адам етін жегізді, Семейді ядролық сынақ алаңына айналдырды. Бұл Кеңес одағынан көрген құқайымыздың бір парасы ғана. Әлі талай ақиқат айтылады...

Федоровқа Қазақстандағы коммунистік идеологияның келмеске кеткенін, Коммунистік партияның аты да, заты да өзгергенін айттым. Елімізде тұратын барша ұлттар Қазақстанды қасық қаны қалғанша қорғайтынын мәлімдедім", – деді қазақ подполковнигі.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ 


 

https://youtu.be/9ivLy6kMoH0

Рекомендовать
Последние новости