ОҚО әкімі: "Олқылық оңлауы керек"

Dalanews 23 окт. 2017 14:14 975

Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы өңірлік өнімкөлемі жыл сайын артып келеді. Биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында облыста жалпы өңірлік өнім көлемі 1 340,5 млрд. теңгені құрап, 2,7 пайызға артты. Бүгін бұл туралы облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Арман Сәбитов мәлім етті.



Басқарма басшысы жыл соңында жалпы өңірлік өнім көлемі  3 014,5 млрд. теңгені құрайтындығын жеткізді. Осылайша Оңтүстік Қазақстан облысы республика көлемінде өсім бойынша 5- орынға тұрақтамақ. Ал, өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі  410,8 млрд. теңгені құрап, 2,1 пайызға  артқан. Алайда өнеркәсіп өнімі бойынша индикатордың орындалмау қауіпі бар.  Жылдық жоспарды қамтамасыз ету үшін өнім көлемін 850 млрд. теңгеге жеткізу қажет. Алайда Шымкент қаласы мен  Бәйдібек, Отырар аудандарының индикаторлары жылдық жоспардан артта қалуда.



– Қазіргі кезеңде соңғы 9 айда өнеркәсіп өнім көлемі 605 млрд. теңгені құрауы қажет болатын.  Алайда  9 айдың қорытындысымен өнім көлемі  599,2 млрд. теңгеге жетіп отыр. Бұдан бөлек, өңірімізде тіркелген шағын және орта кәсіпкерліктің әрекет ететін нысандарының үлесі 83 пайызды құрап, индикатордың орындалмау қауіпі бар. Соңғы 9 айда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 213 419 болса, олардың 36 796 әрекет етпейді. Оның ішінде ең жоғары деңгей Шымкент қаласында тіркеліп отыр. Яғни қаладағы 21 815 шағын кәсіпкерлік нысандарының  жұмысы  тоқтап тұр, – деді Арман Сәбитұлы.



Сондай-ақ, қоғамдық қауіпсіздікті қамту мақсатында ішкі істер департаментіне бюджеттен бөлінген қаржы көлемі жыл сайын ұлғайғанымен салаға қатысты бірнеше индикаторлардың орындалмауы байқалады. Атап айтқанда, жасөспірімдер жасаған қылмыстардың үлесінің жоспары 3,4 пайыз болса, нақты 9 айда – 3,5 пайызды құраған. Өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда көрсеткіш Шымкентте, Қазығұртта, Мақтаралда, Отырарда, Сайрамда, Төлебиде, Шардарада, Кентауда, Түркістанда өскен.

Жиында айтылған олқылықтарға қаныққан өңір басшысы аудан, қала әкімдері мен салаға жауапты басшылардың жұмысын сынға алып, бірқатар тапсырмалар жүктеді.



– Бірқатар аудан-қалаларда тіркелгенімен әрекет етпейтін шағын және орта кәсіпкерлік нысандары көбейіп отыр. Мемлекет пен үкімет тарапынан қаншама қолдаулар көрсетіліп отырған кезеңде шағын және орта кәсіпкерлікті тұралатуға болмайды. Мәселен, Шымкент, Созақта, Төлебиде, Түлкібаста шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны азайған. Аудан, қала басшыларының осы реттегі жұмыстарына қанағаттанарлықсыз деген баға беруге болады. Бұдан бөлек, бірқатар аудан қала әкімдіктерінде тек бюджеттік инвестициялармен шектеліп, жеке инвестиция тарту бойынша жұмыстар төмен деңгейде жүргізілуде. Жыл соңына дейін осы олқылықтардың орнын толтыруды және апта сайын ақпарат беріп отыруды тапсырамын, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости