Көккөл

Dalanews 02 сент. 2017 04:54 4269

Көккөл... Мерке ауданындағы тау қойнауындағы тұп-тұнық көл кейде аласұра толқынданып, боздаған үн естіледі. Айтушылар беймәлім мақұлықтың мойнын соза қарап, тау-тасты дүрліктіре дауыстағанын естіген, кейде көлге шомылғандарды жұтып қойған кезі болған деседі. Талайларды тамсандырған Көккөлдегі аждаһа сан сұрақты алдымызға қояды.

 

Көккөлдің құпиясы

Көккөлдегі аждаһа... Шынында, жондары түйе өркештене әлдебір алып мақұлықтың мойнын соза қарап тұрып, көзді ашып-жұмғанша, қайтадан зым-зия жоғалуы ерекше құбылыс еді.

Әр жер-әр жерде айтылып жүрген Көккөл құпиясы не тау қойнауындағы айдын көлдегі аждаһа аңыз ғана ма, ал аңыз десек, неден бастау алып отыр... Жоқ, бәлкім, Лох-Несс көліндегі ғажайып Несси бізде де болғаны ма?! Жоқ, бәлкім, бүгінге дейін жұмбақ болып отырған "теңіз жыландары" шығар?! Қым-қиғаш сұрақ болып адамды еліктірген бұл құпия нені меңзейді? Бұдан таратып айтқанда, Көккөлдегі беймәлім үн аждаһа дауысы ғана ма? Көл деңгейінің дел-сел жауын-шашын болғанымен өзгермейтіні қалай? Шалғайдағы тау қойнауына бізді де осы сауалдар маза бермей әкелгені рас. Енді, міне, ұзақты күн көл жағасындағы қойтастың үстінде үнсіз-үнсіз сарыла күтіп отырысымыз мынау.



Тып-тыныш көл беті өз-өзімен толқынданды да, жал-жалданып, ақ көбігі айғыздала жағаға ұрды. Толқындардың арасынан уілдей басталған бір үн құлаққа жетті. Сол үн үдейе келе жаңғырып, артынша мойнын қылтиытқан күйі ащы айқайымен бүкіл өңірді дір-дір тербеткендей, тербетіп тітіркенгендей болды.

Жоқ, бұл елес екен, әйтпесе, Көккөл айнадай жылтырап, әдемі әспетімен көз арбаған қалпы тып-тыныш жатыр. Тосын мінез танытып, боздап кеп беретін мақұлық дүр сілкініп, шыға келеді дегенге сену мүмкін емес. Көл жиегіндегі жалғыз түп арша аппақ гүлдерін шашып тұрғандай, бұтақтарына байланған үзік-созық шүберектер жел тұрса, желбіреп кетердей. Қызығы, үп еткен жел де жоқ.

Көккөлдегі аждаһа... Айтушылардың әнгімесі меркелік мұғалім Анатолий Печерскийді естіген бойда елең еткізген. Ғажайып дегенді көзбен көруге жаны құмар ұстаз жол қапшығын иығына асынып, көне сүрлеумен жұмбағы көп көлді іздеп, тауға аттанды. Сұрастыра жүріп, көлді де тапты.

Тау қойнауындағы айнадай әдемі көлді көріп, сұлу көрінісіне таңдай қаққан. Сосын бойын әлдебір сенімсіздік биледі. "Мүмкін емес,– деді, – мүмкін емес". Оның үстіне әлденеше күн бойына көз жазбай қарағанда ештеңе байқалған жоқ. Үш күннің ішінде ғажайыбы көп деген көлдің өзгеріссіз, тып-тынық, тып-тыныш жата беруі таңдандырды. "Мүмкін емес, – деді, мүмкін емес. Гу-гу әнгіменің бәрі әшейін сөз шығар". Сенімсіздік бүйірден түртті. Сосын, шатырын жинап алды да ауылға қайтты. Кейіннен тағы да тау қойнауындағы көлге бірнеше рет жолы түсті. Әйтсе де, ерекше жайтқа құмартқан мұғалім ештеңе аңғара алмады.

Сонда бұл не? Аңыз ба, жоқ әлде әңгіменің бәрі шындықтан туындап жатыр ма еді?  Көл жиегіндегі жалғыз аршаның бұтақтарындағы аппақ шүберектер көлбеңдеп, көз алдында тұрды. Көкейді кернеген бір сауал тыным бермеді. Өзін көптен мазалаған жайларды баласына суыртпақтап жеткізген. Оны есіне сала Володя әкесін көлге қайыра баруға әрең көндірді, тек табиғаттың әсем сұлулығын киноға түсіруге жол бастап, ертіп баруын өтінгенде ғана бас изеді. Қинала жолға шыққанымен, өзі де осы жолы алып аждаһаны көруге үмітті болатын.

Тып-тыныш көл беті өз-өзінен толқынданды да, жал-жалданып, ақ көбігі шыға екпінмен жағаға ұрады.

Толқындардың арасынан басталған бір үн құлаққа жетті. Сол үн үдете келе жаңғырып, артынша аласұра толқынданған судың ортасынан әлдебір мақұлық жаймен мойнын қылтитқан күйі ащы айқайымен боздап, бүкіл өңірді дір-дір тербеткендей болды.

Көккөлдегі аждаһа... Әке мен бала ғажайыптың сырын білуге құмартқан қалпында жолға шықты. Бір үміт, бір күдік. Ал Көккөл бұлар келгенде кербез қалпында әдемі әспетімен көз арбаған күйі бар жұмбағын ішіне жасырып, тып-тыныш жатты.

Көл. Көккөл. Көккөл десе, көк көл. Көлдің дөңгелек жиегі майда ағаш пен бұталарға толы. Жиек пен судың ұштасқан тұсындағы кішкене ғана сүрлеу сияқты көрінген алаңқаймен көлді айналып шығуға болады. Володя сол бұтақ-бұтаның арасымен ұзап кетті де, Анатолий беткейде қалып қойды. Сәлден соң, жолқапшық, мылтық, фотоаппараттарды сол тұрған жеріне тастады да, өзі көл жиегіне жақындап келді. Ұлын күткен ол аяғын суға малып, ары-бері ұшқан құстар су бетіне жақындай ұшып барып, қайта жоғары көтеріліп кетеді. Құстар бірдеңе сезді ме, деп те қауіптенді. Ал көл тым-тырыс қалпы. Құстардың тынымсыз күй кешкен мына тіршілігі түсініксіз еді. Әлден уақытта байқағаны: көл беті діріл қағып тұр екен. Алдында аяғымды малып отырғаннан болар деп еді. Аяғын судан жылдам ала қойды. Денесі тітіркенгендей болды.

Көл бетіндегі өзінің көлеңкесі тербеліп тұр. Тұп-тұнық көлдің түсі мұнар тартып бара жатты. Дірілдеген су беті толқындана түсті. Таңғалды, содан жүгіре беткейге көтерілді. Артында боздаған ащы айқай қуалап келе жатқандай. Құлақ түбінен ысылдап қайта естілгендей. Ысылдаған дауыс үрейлендіре түсті. Ентіккен қалпы жүгіре беткейге көтеріліп келе жатып, ұлына дауыстап та үлгерді. Мына ысылдаған беймәлім мақұлық-аждаһаның дауысы естірте қойсын ба? Биіктен су бетіндегі толқын-жылан сұлбасы анық көрінді. Жылан сұлбасы бірте-бірте айқындала түсті. Жылан сұлбаланған толқынның ауқымы он бес метр шамасындай екен. Бұл көрініс бірнеше минутқа созылды. Әке мен бала таңданған күйі көл тұңғиығынан бас қылтитар ғажайыпты күтіп тұр. Минуттар сырт-сырт ағып өтті, жылан сұлбалы толқынның қыр арқасы өркештене бастаған ендігі сәтте құдай-ау, кереметті қараңыз, бәрі ғайып болды.

 

Лох-Несс Көккөлдің ұқсастығы

Аз ғана шегініс жасайық, әлемді аузына қаратып, қай уақыттан екені белгісіз, әңгіме өзегіне айналған Лох-Несс көліндегі ғажайыпты алыңыз. Аталмыш көлдегі аңызға айналған Нессиді алғаш 1934 жылы ғана суретке түсіру мүмкіндігі туды. Лондондық бір дәрігер машинамен көл жағалай келе жатып, су бетінен беймәлім мақұлықтың мойнын соза қарап тұрғанын көреді. Өзінің мойны аққуға ұқсас ұзындау екен деп ойлаған мақұлықты қалт жібермей суретке түсіріп алды, Сөйтіп, сан-саққа жүгіртілген Нессидің алғашқы бейнесі тосыннан дүниеге келді. Ал араға тоғыз жыл салып, 1943 жылы әскери ұшқыш Е.Фэррел көлдің үстінде 250 ярд биіктікке ұшып бара жатып, Нессиді байқағанын басшыларына баяндады. Бәлкім, Көккөлдегі беймәлім мақұлық сол Нессидің "ағайындары" болар... Шын мәнінде, Нессидің "ағайындары" жер-жерде кездесіп тұрды.

Биолог Нейл Басс Шотландияның Лох-Морар көлінде жыланға ұқсас, ұзындығы 13 метрден асатын мақұлықтың бар екендігі жөнінде жергілікті тұрғындармен 27 рет әңгіме өткізді. Әркім көргендерін әрқилы айтты. Кейбірі шынында көргендерін сол күйі баяндап, ауыздың суын құрта әңгімелеп берді. Алғаш анықтау 1887 жылдың еншісіне тиген Лох-морар оқиғасы да Лох- Несс құбылысымен қатар өрби бастады. Жұмбақты жайт екі көлде ғана емес екен. Сонымен қатар Ирландияның төрт көлінде белгісіз бір алып мақұлық байқалған. Соңғы рет оны Глендарри көлінен көрген студент Бей Данвер көрді. Исландия аралындағы көлдерде "тіршілік" ететін скримслох ғажайыбы жайлы аңыз да қызық. Ал Канаданың жергілікті тұрғындары өздері көрген жұмбақ жайттарға өзіндік атау берді. Океанған көлінде Огоного "ғұмыр" кешеді. Похенегамук көлінде Пауник, беймәлім мақұлықтар осылай жалғаса береді.

Қазіргі заманның айтулы зоологы, Брюссельдегі королевалық жаратылыстану институтының профессоры Бернар Эйвельманстың "Теңіздің алып жыландары" кітабында су тұңғиығындағы құпия жайлармен келтіріледі. Сол Эйвельманстан журналист Ярославль мақұлықтар жайында мынадай пікірді суыртпақтайды: "Жылан пішіндес алып хайуанаттардың бәрі бірдей "теңіз жыландары" деген ат міндетті еместей көрінеді. Ғылымға әлі белгісіз бұл хайуанаттар әртүрлі болып келуі мүмкін. Аталмыш монстрдың бауырмен жорғалаушыларға жатуы да күдік тудырады, қозғалған денесіне көлбеу күйі тән болғанымен, "теңіз жыландарына" жасалған көптеген бақылау басқаша ойға қалдырады. Бәрін сараптай келе, бұларды сүт қоректілерге жатқызамыз. Киттер мен тюленьдер көлденең жағдайда қозғалыста болады ғой. Әңгіме тек бір ғана емес, ғылымға беймәлім, бір-бірінен айрықша хайуанаттардың көптеген түрі жайында болып отыр". Ал, голландиялық зоолог Удеманс "теңіз жыландары" ұзын мойын тюленьнің белгісіз тұқымы дегенді ұсынады. Ағылшын зоологтары Э. Мидуолды мен Майк Джон Николлдың пікірі де осы жорамал төңірегіне жақындайды.

Көккөл аждаһаты жалғыз емес екен. Оны дәлелдеп жатқан мысал мен дерек те көп. Мәселен, 1833 жылы мамыр айында канадалық офицерлер су бетінде мойнын жоғары созып қарап тұрған жылан бейнелі мақұлықты байқаған. Оның жон арқасы судың әр  жер,  әр жерінен буылтықтанып айрықша байқалып жатқан. Ел-жұртты елең еткізер таңғажайып әңгіме бұнымен үзілген жоқ. Дүрліктірген күйі бірі басылса, екіншісі жерде басқаша баяндалған тосын сырға толы сипаттама  гу ете қалады. 1848 жылы ағылшынның "Дедалус" кемесінің теңізшілері өздері көрген белгісіз, жұмбақ аждаһаны суреттеуі осындай сипат танытты. "Жылан іспеттес басы бізге қадалған күйі жиырма минуттай шамасында қақшиып, су үстіне шықты, бас жағы қоңыр, ал бауыры ақсары болатын. Бұрын көріп, баяндап жүргендердің кейбірі қанаты барын жазады, біз беймәлім мақұлықтың қанатын ешқандай аңғара алмадық, жанында жалы ма, жоқ бір уыс балдыр ма, әйтеуір бірдеңесі болатын..." Ашық теңізде "Дедалус" әскери кемесінің капитаны кезекті тапсырмамен келе жатып көрген тосын жайт осы. Абдыраған капитан іле теңізшілерді шақырды. Өз көзіне өзі сенбей тұрған капитанның жанына жүгіре жеткен теңізшілер де беймәлім көрініске таңырқай қарады. Сөйтіп, көргендерін бәрі толықтыра отырып, «күзет» журналына асығыс түсіре бастайды. Сол «күзет» журналындағы жазба белгісіз теңіз жыланының дерегі болып, бізге жетті. Бір қызығы 1818 жылдан 1848 жылға дейінгі аралықта бұндай белгісіз теңіз жыланы – жұмбақ монстрлар мұхиттың түрлі ауданында 82 рет кезіккен.

Құпия сырға толы теңіз жыланын бірінен кейін бірі байқағандар да болды. Мәселен, 1847 жылы "Сантаклара" кемесінің экипажы алып айдаһар деп үдере қашқанда мақұлық қап-қара көздері қадала қарап тұра берген. Сол уақыттан сәл ғана кейін Ванкувер аралында балықшы Джордж Зегерс өзінің қайығы маңынан ұзын мойыны бір метрден асып, шығып тұрды. Оның көмірдей қадала қараған көздері бір түрлі сұсты екен, бұрын ондайды көрген жоқ едім. Көзінің үлкендігі сонша басында шодырайып, ерекше назар аудартады. Басының диаметрі қырық сантиметр шамасында. Маған қарап- қарап тұрды да, теріс айналып кетті. Сол сәтте жанын аңғарып қалдым. Жанында қара-қоңыр түсті жал сияқты бірдеңе байқалды. Алайда жалы қылдан гөрі шоқ-шоқ біткен сүйел тәрізді еді..." балықшы Д. Зегерс беймәлім хайуанатпен ұшырасқанын осылай жазды. Бұл оқиғалардан кейін арада біраз уақыт өткен соң, сол Ванкувер аралының батыс жағалауынан 12 метрлік мақұлықтың қаңқасы табылды. Жағадан табылған мақұлықтың бас сүйегі қойдың басын еске түсіргендей екен.

"Мен оның бірте-бірте суға сүңгіп бара жатқанында барлық мүшелерін көзім шалды. Хайуанаттың көлбеу емес, тік сүнгігенін аңғардым. Тұрқы жалпақ жыланға ұқсайтын еді, менің шамалауымша ұзындығы 30 метрге жуық". 1904 жылы 25 ақпанда "Десиде" кемесінің теңізшілері шығанақтан ашық теңізге бара жатып, Нуа жартасы маңынан көргендерін осылай деп суреттеді. Ал "Осборн" кемесінің теңізшілері баяндаған дерек басқа қырынан келеді: "Мақұлық  қанаттары тасбақаның суда жүзгеніне ұқсайтын еді, бірақ өзі итбалық тәрізді болатын". Бұл – 1877 жылғы оқиға.

Осындай оқиғаларды еске ала отырып, әңгіме арнасын Көккөлге қайта бұрамыз.

 

Жас натуралистердің жорығы



Жоғарыдағы оқиғадан кейін Анатолий өзі сезіп, бағамдағандарының бәрін қағазға түсіріп, мамандардан пікір білу үшін ғылыми институттарға хат жолдады. Оған алғашқы жауап хат Мәскеудегі А.Н. Северцов атындағы эволюциялық марфология және хайуанаттар экологиясы институтының аға ғылыми қызметкері, биология ғылымының кандидаты С.К. Клумотовтан келді. Ғылым жұмбағы көп көлге тиянақты зерттеу жұмыстарын керектігін, алдымен немен бастайтынын нақтылап, жоспарлы істің көзін табатындай бірнеше тарауға бөліп, батыл кірісуге тиіс екенін айтып, ақыл-кеңестерін береді. Бұл ақыл-кеңестер мұғалімнің ізденімпаз талабына жігер қосады. Ғалымның жауап хаты себеп болып, Мерке аудандық оқу бөлімінің көмегімен оқушыларды қатыстыра отырып, жас натуралистер экспедициясын ұйымдастырады. Бақылау жүргізуге арнайы құрал-жабдықтар сатып алынады. Көл құпиясын анықтауға балалар бар ынтасымен кірісті. Жұмыс тек күндіз ғана жүргізілген жоқ, айлы түнде де атқарылатын болды. Жазғы каникулда көл жағалауында оқушы-натуралистерден құралған экспедиция мүшелері тәулік бойына кезекпен күзетке қойылады. Көккөл қатаң бақылауға алынып, зерттеу жұмыстары жүргізіле бастады. Көл бетіндегі әрбір өзгеріс кезекшінің дәптеріне жазылды. Бір кезекшіліктің екінші кезекшіліктен айырмашылығы жоқ күйінде өтіп жатты. Жас натуралистердің күнделіктерінде ешқандай өзгешелік байқалмады. Ал балалар қызықты жайттың құпиясын көзбен көруге асықты. Жазғы каникулдың қанша күні артта қалды десеңізші. Тау қойнауында күндердің олар үшін ерекшелігі бәрібір мол еді. Жоқ, балаларды үміті алдамапты. Сол күні түнде кезекшілікте жас натуралистер Света Непряхина мен Витя Плотников еді. Алдымен көл бетінде әлдене шолпылдағандай болды. Света мен Витя ай астында жарқыраған көл бетінен ештеңе байқай алған жоқ. Бұл не болды екен деп аңтарылған күйі тың тыңдады. Көл беті айқын көрінгенімен бұлар күткендей өзгешелік жоқ. Тек су беті әдетте тыс шолпылдап кетті. Артынша өзгеше үн естілді. Ол үн арунаның боздаған үніне ұқсайтын-ды. Одан кейін айқай шыққандай, қобалжып, әрі қорқып тұрған балаларға солай сезілген де шығар-ау. Сол кезде кезекшілер жүгіре отырып, шатырды бетке алды. Айқай қайта естілгенде шатырға ентіге жеткен олар қорықты ма, дауыстары қатты шықты.
- Аждаһа, айдаһар... Аждаһа, айдаһар...

Дәл осы оқиғаны Якутиядағы өлкетанушы Виктор Твердохлебовтың естелігінен де кезіктіруге болады. Мұндай ғажайып, әрі әсерлі әңгімелер көп-ақ. Ал мына Көккөлдегі боздаған дыбысты қайда қоямыз. Бақылаушы балалар шатырдың есігін ашқан бойы ішке қойып кетті. Өйтпеске тағы болмайды.  Қаннен-қаперсіз отырған оларды тосын үн шошындырғаны да рас. Күнделік, қағаз-қаламды тастай жүгірді. Тып-тыныш, ай астында айнадай жалтырап жатқан көл өз-өзінен шылпылдай, әлдене боздаған үнімен өкіріп тұрса, қорықпай көрші, ал қорыққанда анау беткейдегі шатырға жете алар ма екенсің? Олар жетті, сол жете бергенде, боздаған үн тағы да естілді.

- Аждаһа, айдаһар... Аждаһа, айдаһар...

Мұғалім Анатолий Печерский бастап, жас натуралистер көл басына қайта келгенде, су толқынданып, беті дір-дір етіп тұр екен. Аждаһадан көл де қорқып қалғандай, су беті дір-дір етеді. Ал аждаһа жоқ. Оның боздаған дауысына тау, алып шың жаңғыртқандай. Сонымен ай астындағы тұнық көлде дауыс көтерген кім немесе не? Әлде Нессидің "ағайыны" алып аждаһа айдаһар ма екен? Сен ойға шомасың, сол сәт саған тастар тағы бір сауал: көлдің бір ғажайыбы қаншама жауын-шашынға қармастан су деңгейі көтерілгенде, төмендеген де емес.

Алғашында мұның бәріне мән берілген жоқ. Шынында, көл деңгейінің өзгермей, бір қалыпты болуының өзіндік құпиясы бар ма еді. Осының өзі қызықтырады. Балалар жағалау жиекке де тексеру жүргізді. Сондай тексерулердің кезінде батыс жағалаудан екі метр су астында кішкентай-кішкентай шұқанақтар табылды. Тағы да құпияға толы жай алдымыздан шығады: ол шұғанақтар сонда нені білдіреді? Жұмбақтың сыры осыған келіп тіреле ме? Көлден естілер ерекше үн неге біртін-біртін ұлғая түседі?

 

Көккөлдің құпиясын ашқан геолог

Жас натуралистердің экспедициясы осы тектес біраз сауалдарды анықтау керектігін мамандардың алдына қойды. Бұл орайда Оңтүстік Қазақстан геологиялық-барлау басқармасының геологы Б.Волчков көп жұмыс атқарды. Ол ұзақ зерттеу нәтижесінде көлдің мұздақтардан және мореналық қабатында пайда болғанын анықтады. Морналардан шұқанақтар оңай жасалынады екен.

Тіпті көл түбінде ондай шұқанақтар тұтас канал іспеттес. Геологтар осындай каналды тауып, оның тереңдігін өлшеу мүмкіндігіне ие болды. Бұдан шығар қорытынды жауын-шашынға жер астының гидрогеологиялық ерекшеліктеріне байланысты судың біраз бөлігі көл түбіндегі каналдарға сорылады. Кейде су әлсіз сорылғанда көл үстінде кішкентай-кішкентай шұңқырлар пайда болып, "ысқырық" естіледі. Кейде су қатты сорылғанда "айқайлаған" дауыс жаңғырығы пайда болады.

Мұндай су қақпалары ештеңеден хабарсыз суға шомылғандарды және көлді кеше су ішкен жан-жануарды түптің-түбіне тартып, әкетіп отырған. Жер астындағы канал – сифондар көлдің тұрақты деңгейін қалпына келтіріп те тұрады. Су бірде канал арқылы минералданған күйі сыртқа шығады. Аңыздардағы көл суының емдік қасиеттерге ие екенін, сосын көл жағасында ашық күндері тұз пайда болатынының бір сыры осында жатыр. Көл бетіндегі жыланға ұқсаған ирек толқындар мен шипалы судың пайда болулары арасындағы байланысты жергілікті тұрғындар ежелден-ақ байқап, бұл сәтті бос жібермеуге тырысып баққан.

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛОВ, журналист, өлкетанушы. 

Рекомендовать
Последние новости