Оңтүстіктен Солтүстікке көшкендер уәделі көмекті әлі алмай жүр

Dalanews 30 июл. 2016 16:14 796



Оңтүстік Қазақстаннан Солтүстік Қазақстанға көшіп барған кей тұрғындар уәделі көмекті әлі алмай, күнкөрістері қиындағанын айтады. Жергілікті билік бұл жағдайды тұрғындардың өздерінен көреді.






46 жастағы Зұлқайнар Ергашев екі ай бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Жарықтөбе ауылынан Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданындағы Покровка ауылына қоныс аударған.

– Оңтүстікте солтүстік аймақтарға көшу туралы үгіт-насихат қызу жүріп жатыр. «Үй береміз, жұмыспен қамтимыз» деп уәде етеді. Ауылда адам көп, жұмыс жоқ. Балаларым өскен сайын күнкөрісіміз нашарлай бастаған соң Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударып, тірлік жасайық деп шештік, –дейді ол.

[caption id="attachment_18398" align="aligncenter" width="610"]#Dalanews.kz Зұлқайнар Ергашевтің отбасы. Покровка ауылы, Мамлют ауданы, Солтүстік Қазақстан облысы. 21 шілде 2016 жыл.
[/caption]

Зұлқайнар Ергашев оңтүстікте жүргізілген үгіт-насихат кезінде «солтүстікке жергілікті билік жолдамасынсыз да көше беруге болады» деген кеңес берілгенін айтады.

– Әуелі Сарыағаш аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандары «жолдамасыз болмайды» деді. Күттік. Сосын «жолдамасыз кете беріңдер» деді. Сендік те жолға шықтық. Әйтпесе 7 баламның басын қатерге тігіп нем бар? – дейді ол.

[caption id="attachment_18399" align="aligncenter" width="610"]#Dalanews.kz Ергашевтар отбасы уақытша тұрып жатқан үй. Покровка ауылы, Мамлют ауданы, Солтүстік Қазақстан облысы, 21 шілде 2016 жыл.

[/caption]

Зұлқайнар Ергашевтің сөзінше, ол Мамлют ауданына көшіп келген соң қажетті құжаттарды тиісті орындарға тапсырған, жергілікті әкімдікке, жұмыспен қамту орталығына хабар берген – алайда уәделі баспанаға да, жұмысқа да қол жеткізе алмапты.

– Жеті баламмен жалдамалы пәтерде тұрып жатырмыз. Қымбатшылық. Жеміс-жидек, көкөніс ауылдағыдай пісіп жатпайды. Сатып алуға қалтаң көтермейді. Қазір балалар ағарған ішкісі келеді. Сенсеңіз, жейтін нанды жеткізе алмай отырмыз. Алғашқы көшерпұлды да ала алмай отырмыз. Қалтамдағы бар ақшамды жұмсап, енді қарызға тамақ ала бастадық, – дейді Зұлқайнар Ергашев.

«ТҰРАТЫН ҮЙ МЕН ІСТЕЙТІН ЖҰМЫС ЖОҚ»


Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданына көшіп келген адамның енді бірі – 37 жастағы Айдынбек Қыдырбаев. Екі балалы азамат осы аудандағы Краснознаменное ауылына бір ай бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданынан қоныс аударған. 

 

[caption id="attachment_18400" align="aligncenter" width="610"]Айдынбек Қыдырбаев өз отбасы тұрып жатқан үйдің қасында тұр. Мамлют ауданы, Солтүстік Қазақстан облысы, 23 шілде 2016 жыл. Айдынбек Қыдырбаев өз отбасы тұрып жатқан үйдің қасында тұр. Мамлют ауданы, Солтүстік Қазақстан облысы, 23 шілде 2016 жыл.[/caption]

– Отбасымды көшіріп әкелмес бұрын өзім келіп, қажетті деген құжаттардың бәрін реттедім. Жергілікті билікпен әлеуметтік келісімшарт та түзгенмін. Бірақ уәде еткендей әлі күнге орналаса алмай келеміз, – дейді ол.

Айдынбек Қыдырбаев 20 күн бұрын Краснознаменное ауылы әкімдігіне көшіп келгенін ескертіп, құжаттарын тіркеткенін айтады. Оның сөзінше, тұратын үйі мен істейтін жұмыс әлі табылмаған.

– Сұрастырып, бос тұрған соң осы үйге уақытша көшіп келік. Үйде жарық жоқ. Газ баллонын сатып алуға ақша жоқ. Далаға от жағып, шай қайнатып, тамағымызды ептеп пісіріп жатырмыз. Көшерпұл ретінде алған 330 мың теңге жол шығынынан артылмай қалды. Енді қайда барып, қалай күн көретінімізді білмей дел-сал болып отырмыз, – дейді отағасы.

Арнайы мамандығы жоқ Айдынбек Қыдырбаев жергілікті биліктің «зайыбыңды – ағылшын тілі пәні мұғалімі Нұргүл Қыдырбаеваны мектепке мұғалім етіп жұмысқа орналастырамыз» деген уәдесінің ақырына да наразы.

– Жергілікті билік ұсынған жұмыстың жалақысы 20-30 мың теңгеден аспады. Мен – жұмыссызбын. Бір отбасының тамағына 20-30 мың теңге жете ме? Алда қыс келе жатыр. Бұл жақтың қысы қатты, аяз. Біздің отырысымыз мынау. Отын, көмір сатып алу былай тұрсын, тамағымызды таба алмай отырмыз, – дейді ол.

Жергіліктің әкімдіктен «күтіңіз» деген сөз ғана еститінін айтқан Айдынбек Қыдырбаев «уақытша тұрып жатқан үйім қыста пана болмас» деп уайымдайды.

«КЕЙБІРЕУЛЕР ЖОЛДАМАСЫЗ КӨШІП ЖАТЫР»


Солтүстік Қазақстан облысындағы Покровка және Краснознаменное ауылдық әкімдіктерінен Оңтүстік Қазақстаннан көшіп барғандардың жағдайына қатысты түсініктеме алу мүмкін болмады.

Ал Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәтжан Полатов «құжаттарды рәсімдеуде көшіп жатқан тұрғындарға барынша көмек беріп отырғандарын айтады».

– Алайда кейбір тұрғындар асығыстық жасап, көшерпұлға шешім шығып, облыстық комиссия жолдама берместен бұрын жолға шығып жатыр. Солардың бірі – Зұлқайнар Ергашевтің отбасы, – дейді басқарма басшысының орынбасары.

Оның сөзінше, оңтүстіктен солтүстікке көшерде құжаттарды рәсімдеудің тәртібі бар – ол тәртіпке бағынбай солтүстік аймақтарға көшіп кеткендер құжаттарын сол өңірге барып алғаннан кейін рәсімдейді.

– Мысалы, Зұлқайнар Ергашевтың отбасына көшерпұл алуына 25 шілде күні шешім шықты. Енді ол Сарыағаш аудандық жұмыспен қамту орталығына барып өтініш тастау керек. Бұл өтінішті тіпті сенімхатпен де басқа адам жазуына болмайды. Өтініш жазғаннан кейін жолдама беру-бермеуді аудандық, одан кейін облыстық комиссия шешеді, – дейді Сәтжан Полатов.

Ал Айдынбек Қыдырбаевтың отбасының жайын Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Әсел Бекенова айтты.

– Айдынбек Қыдырбаевтың отбасына баспана беру және жұмыспен қамту жайында Солтүстік Қазақстан облысындағы әріптестерімізбен хабарластық. Олар бұл отбасына жұмыс ұсынылғанын айтады. Алайда олар жеке шаруашылықпен айналысатынын айтып бас тартқан. Қазір бұл отбасы туысқандарының үйінде екенін, баспана мәселесі шешіліп жатқанын хабарлады, – дейді Әсел Бекенова.

Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы дерегінше, 2016 жылдан бері бұл өңірден 70 отбасы солтүстік аймақтарға қоныс аударған, 900 отбасы көшуге ниет білдіріп, анкета толтырған.

Қазақстан үкіметі солтүстік пен шығыстағы «жұмыс күшіне тапшы» аймақтарға оңтүстіктегі «жұмыс күші артық» облыстардан мамандарды шақыру науқанын бірнеше жыл бұрын бастаған. Бұл аймақтар 2013 жылы қабылданған «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы негізінде азаматтарды көшіру жоспарын жасауға кіріскен.

ДЕРЕККӨЗ: www.azattyq.org

Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.



Рекомендовать
Последние новости