Оңтүстікте көлік жолдарын жөндеу 58,5 пайызға артқан

Dalanews 31 янв. 2018 12:29 917

Оңтүстік Қазақстан облысында 2017 жылы автомобиль жолдары саласын дамытуға жергілікті бюджеттен 27 269,2 млн. теңге қаралып, облыста 1 543,3 шақырым жол, 1 жаяу жүргіншілер өткелі мен 19 көпір құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде өткен жылы 2016 жылға қарағанда жөнделген жол ұзындығы 58,5 пайызға артты. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұрлан Байғұт мәлім етті.

Оның айтуынша, облыстағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 20 928,9 шақырымды құрайды.  Оның ішінде республикалық маңызы бар жол – 837 шақырым, облыстық маңызы бар – 4261,2 шақырым, аудандық маңызды – 1642,7 шақырым, елді-мекен көшелері –11 377,1 шақырым және Шымкент қаласындағы жол ұзындығы – 2 810,9 шақырымды құрайды.

– Былтыр облыстық маңызы бар 684,3 шақырым жолға 6,5 млрд. теңге, аудан, қала әкімдіктеріне 621,1 шақырым жол мен көшеге 9,8 млрд. теңге және Шымкент қаласындағы 237,9 шақырым көшеге 10,9 млрд. теңге бөлінген. Нәтижесінде жоспардағы 51 нысанның 22-сі пайдалануға берілсе, қалған 29-ы 2018 жылға өтпелі, – деді Нұрлан Мархабатұлы.

Бұдан өзге, 2017 жылы облыста 19 көпір жөндеуден өтті. Бұл 2016 жылға қарағанда 10,5 пайызға артқандығын көрсетеді. Оған қоса, 24 көпірде құрылыс-жөндеу  жұмыстарын жүргізуге тиісті құжаттама әзірленді. Қалған 77 көпір кезең-кезеңімен қаржының бөлінуіне қарай тиісті құжаттар әзірленіп, қалпына келтірілетін болады.

Елбасының биылғы халыққа арналған Жолдауында көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру жөнінде тапсырма берілген болатын. Осыған орай, облыста жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.  Айта кетейік, 2018 жылы саланы дамытуға бюджеттен 38 887,6 млн. теңге қаралып, бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 42 пайызға артқан. Сонымен қатар, осы жылы облыста 1576,1 шақырым жол  мен көшеге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости