Шымкент ақылды қалаға айналады

Dalanews 31 янв. 2018 18:26 879

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебев «Шымкент қаласындағы қоғамдық көлік саласын дамыту» форумына қатысу үшін өңірімізге арнайы келген отандық және шетелдік компаниялардың өкілдерімен кездесті. Басқосуда қонақтар жолаушы тасымалдау мақсатындағы тың жобалары мен заманауи көліктерін таныстырды.

Компания басшыларының ұсыныстарын тыңдап шыққан өңір басшысы жыл сайын халық саны қарқынды өсіп келе жатқан қаланың көлік қатынасын реттеуге заманауи технологиямен жабдықталған соңғы үлгідегі қоғамдық көліктерді қолдану керектігін жеткізді.

– Елбасы биылғы халыққа арнаған Жолдауында мегаполис қалалардың проблемаларын тиімді шешу үшін «Смарт Сити» тұжырымдамасы мен қалалық ортаны басқарудың кешенді түрін енгізу қажет екенін айтқан болатын. Осы ретте миллионға тарта тұрғыны бар Шымкент қаласын ақылды қалаға айналдыру – кезек күттірмейтін мәселенің бірі. Соның бірі жолаушылар тасымалдайтын автобустарды жаңалау, яғни өздеріңіз айтып отырғандай соңғы үлгідегі технологиялардың көмегімен халықтың жүріп-тұруын жеңілдетуіміз қажет, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылған форумға қатысу үшін елімізден бөлек Ресей, Белорусь, Өзбекстан және ҚХР-ның автобус құрастырушы зауыттарының өкілдері арнайы келген. Шараның мақсаты – шаһардағы жолаушылар тасымалдау қызметінің сапасын арттыру. Әрбір қатысушы өздері өндіріп отырған автобустардың сапасы жоғары, тиімді бағада екенін жеткізді. Олардың айтуынша, қоғамдық көлікке орнатылған мониторинг, төлем, «GPS» жүйелері мен мобильді қосымшалар жолаушыларға көрсетілетін қызметтің сапасын жақсартуға мол мүмкіндік береді.

Кездесу соңында облыс әкімі тиісті сала мамандарына ұсынысы мен бағасы тиімді компанияларды анықтап, сол мекемемен келісімшартқа тұруды тапсырды. Егер келіссөздер ойдағыдай аяқталса, ағымдағы жылы шымкенттіктер заманауи құралдармен жабдықтарған су жаңа автобустармен қатынайтын болады.

Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында жолаушылар тасымалдаумен айналысатын 26 көлік компаниясы 70 бағытта қызмет көрсетеді. 1700-ге тарта автобустың 70 пайызының пайдалану мерзімі 7 жылдан асып кеткен.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

https://dalanews.kz/33542

Рекомендовать
Последние новости