Оңтүстікте жүз адам кәсіптік оқуды аяқтады

Dalanews 17 нояб. 2017 04:40 836

Оңтүстік Қазақстанда қысқа мерзімді кәсіптік оқуды аяқтаған 100-ге жуық адамға куәлік берілді. Олар «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында ұйымдастырылған үш айлық курсты сәтті аяқтады.

Қатысушылардың басым көпшілігі тігіншілікті игерсе, қалғаны электр слесарі мамандығын меңгерген. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары мәлім етті.

Үш ай ішінде мамандықты меңгерген азаматтар тұрақты жұмысқа да орналасты. Олар аз уақыт аралығында бірі тігінші, бірі электр слесарі мамандығына машықтанып алды. Енді жұмысқа кірісуге сақадай сай. Ал Мөлдір Амантаева тіпті өз бизнесін ашып, сүйікті ісінен нәпақа табуды ойластырып та қойған. Бағдарлама қатысушысы алдағы уақытта жеңілдетілген несие алып, қаражатқа жеке тігін цехын ашпақ ниетте.

Айта кетейік, облыста бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде мамандығы жоқ азаматтар еңбек нарығының сұранысына орай кәсіптік білім алуға 4500, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 12 мыңнан аса адам жолданды. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолданғандардың жартысына жуығы оқуды аяқтап, 2 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты дейді сала мамандары. Жергілікті билік өкілдері облыста бағдарламаны өз деңгейінде іске асыру нәтижесінде жұмыссыздар азайып, сұранысқа ие мамандар қатарын толықтырып отырмыз дейді.

Айта кетейік, бүгінде өңірде сұранысы зор тігінші, сантехник, электр слесарі сияқты бас-аяғы он бес мамандықтың тізімі жасақталып отыр. Жұмыссыздықпен күресу мақсатында қолға алынған бағдарлама аясында осынау мамандықтарға азаматтарды кысқа мерзімді кәсіптік оқыту жоспары өз деңгейінде жүргізілуде дейді салаға жауаптылар.

Рекомендовать
Последние новости