Алматыда «Bereke» қаржылық сауаттылық орталығы ашылды

Dalanews 17 нояб. 2017 04:39 850

Жобаның мақсаты – халыққа несие алуда және басқа да қаржы операцияларында қателіктерді ескерту болып табылады. Жеке қаржы жоспарын құрудан бастап бизнес ашу үшін қаржыландыруды іздеуге дейінгі тегін семинарлар «Bereke» қаржы сауаттылық орталығында өткізіледі.

Бұл ҚР Ұлттық кітапханасы мен «Айгүл Әбдірайымованың қаржы сауаттылық мектебі» бірлесіп,  ұйымдастырған әлеуметтік-білім беру жобасы. Ұйымдастырушылар атап өткендей, жобаның мақсаты ­– жастарға, жұмыс істеп отырған азаматтарға, зейнеткерлер мен шағын және орта бизнес өкілдеріне қаржы саласына қатысты кеңес беру, оқыту.

– Біз азаматтардың түрлі қалыпта білім алғанын қалаймыз. Ұлттық кітапхана бұл жобаны бір-ақ күнде қолға алған жоқ. Біз Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасымен екі жылға жуық уақыт жұмыс істеп келеміз. Кітапхана базасында маркетологтар, бухгалтерлер клубтарының кездесулерін өткіземіз. Таяуда ғана интернет-маркетинг бойынша оқыту курсы аяқталды. Google мен Яндекс секілді халықаралық озық компаниялардың спикерлері алматылықтарға дәріс оқыды. «Bereke» қаржы сауаттылық орталығы кәсіпкерлікті дамытуға демеу болады деп ойлаймын, ­– деді ҚР Ұлттық кітапхана директоры Жанат Сейдуманов.

Алматы кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Тимур Хакимов кәсіпкерлікті дамытудағы бірлескен жұмыс тек арта түсетінін атап өтті.

– Бүгінде қаржы сауаттылығына қатысты жұмыстың маңызы зор. Бұл халыққа ғана емес, бизнеске де қатысты. Кәсіпкерлер палатасының тәжірибесіне сүйене отырып, шағын және орта бизнес өкілдерінің арасында анағұрлым сұранысы жоғары қызметтің үштен бірі қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға қатысты деп сеніммен айтуға болады. «Атамекен» ҚР ҰПК өз жұмысын халықты кәсіспкерлікке тартуға да бағыттап отыр. Қаржылық сауаттылық орталығының тыңдаушылары бизнес-қоғамдастықтың қатарын арттыратынына күмәнім жоқ. Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы әрдайым орталықтың жұмысына заңдық, бухгалтерлік, маркетингтік қызмет көрсететін кәсіби мамандарды тартуға дайын, – деді Тимур Хакимов.

ҚР Ұлттық банкі Алматы қалалық филиалы директорының орынбасары Сәлима Жұрынованың айтуынша, осындай орталықты ашудың маңызы зор. Ұлттық банк міндеттерінің бірі – қаржылық қызметті тұтынушылардың құқығын қорғау. Мемлекеттік реттеу сараптамасы бойынша Ұлттық банкке түскен өтінімдердің 90%-ы негізсіз. Жекелеген адамдар азаматтардың қаржылық сауаттылығының төмен екендігін пайдала отырып, оларды адастырады. Сонымен қатар көпшілік қаржысын тиімді жұмсауды және қандай да бір қаржылық қызметті алуды біле бермейді.

Рекомендовать
Последние новости