«Оны жазған менің келінім емес». Мерт болған полицейдің әкесі

Dalanews 29 мая 2020 08:05 868

Алматыда қаза болған полиция қызметкерінің бірі Дастан Әбдіқановтың денесі жер қойнына тапсырылды. Қоштасу рәсімі Алматы қаласы Алатау ауданы Мәдениет шағын ауданынадағы өз үйінде өтті. Марқұмның жамбасы жерге тиген соң, әкесі Марат Әбдіқанов Azattyq Rýhy тілшісіне полиция қызметкері Азат Азаматов туралы пікір білдірді.

Айта кетейік, кеше кейбір пабликтер мен ақпарат құралдарына қайтыс болған Дастан Әбдіқановтың жұбайы сұхбат беріп, көлік апатын жасаған азаматтың өз күйеуімен бірге жұмыс істегенін айтқаны туралы жазылған еді.

Динара Әбдіқанова Instagram парақшасында «BMW жүргізушісі қазір де құқық қорғау органдары саласында жұмыс істейді. Ол бұрын жұмыстан шығып кеткен деген ақпарат шындыққа жатпайды» деп жазба қалдырған.

Алайда, полиция инспекторының әкесі бұл ақпараттарды келіні жазбағанын айтады. Ақпарат құралдарында тараған мәліметтерді естігенін, бірақ отбасы мүшелерінің сұхбат беруге мүмкіндіктері болмағанын жеткізді.

– Бұларды жазған менің келінім емес. Ол жазбаларды менің келінімнің атын пайдаланып басқа біреулер жазған. Ондай әңгімеге ермеңдер. Менің келінім ондай айтатын жағдайда емес еді. Шок алып, өлім туралы естіген кезде талып қалып, содан бері есін жия алмай отырды. Дастанның денесін әкелгенде ғана өз-өзіне келді.


Баламның (Дастан Әбдіқанов - авт.) Азатпен істегенінен хабарым жоқ. Білетінім, ол бір ғана баламен істеп жүрді. Оның есімі Жандос болатын. Қазір ол басқа біреумен напарник болып кетті. Бір күні біреумен, екінші күні басқа біреумен шығады. Осы өлген кезінде жанындағы қызметтесімен (Жарас Жанғазиев - авт.) түскен екен. Екеуі өліп отыр. Оған адал бол деп үйреттім. Жаны жаннатта болсын, адал жүрді, органда істейді екенмін деп жан-жағына «пысықай» көріну деген болмады. Біздің біреуге сұхбат беруге, смартфонды ашуға жағдайымыз болған жоқ. Біздің атымыздан айтылған әңгімелерге сенбеңіздер, – деді  Марат Әбдіқанов.

Ришат Асқарбекұлы

Рекомендовать
Последние новости