ШҚО: Алакөл жағалауы туристерді қабылдауға дайын

Dalanews 29 мая 2020 09:16 1638

Шығыс Қазақстанда пандемия жағдайында ішкі туризмді дамыту, демалыс орындарына жолдамалар сату қарқыны басталды. Пандемия кезінде барлық санитарлық жағдайды ескере отырып, тұрғындар жазғы демалыстарын толыққанды өткізе алады.

Бұл туралы өңірдің бас санитар дәрігері Марат Исмаилов мәлімдеді.

Айта кетсек, Шығыс Қазақстан облысы еліміздегі туризмі дамыған аймақтардың бірі. Катонқарағай, Алтай альпісі, Сібе көлі сияқты демалыс аймақтарына туристер жыл сайын көптеп барады.

Әсіресе, Алакөл көлі туристердің сүйікті демалыс орны. Алакөл жағалауын абаттандыру жұмыстары 2016 жылдан бастап жүргізіліп келеді. Осы уақыт аралығында демалыс аумағы біршама кеңейіп, демалушылар үшін өте ыңғайлы болды.


Алакөл жағажайында қазіргі таңда 333 коммерциялық нысан қызмет етеді. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтың айтуынша, биыл да демалыс жайлылығының деңгейін арттыру мақсатында бірқатар ірі инфрақұрылым нысандарының құрылысын бастау жоспарланып отыр.

- Семей мен Өскемен қалаларының әуежайына келген барлық жолаушылар  COVID-19 экспресс-сынақтамасын тапсыратын болады. Әуежайларда, теміржол мен автовокзалдарда міндетті түрде медициналық бетперде тағып, арақашықтықты сақтап, санитайзерлерді қолдану керек. Бұдан басқа, келетін және кететін жолаушылар үшін жеке дәліздер жұмыс істейді, әуежай мен вокзал ғимараттарында жолаушыларды шығарып салуға тыйым салынады, - дейді  Марат Исмаилов.

Бас дәрігердің айтуы бойынша, егер барлық санитарлық талаптар сақталатын болса, демалушыларға еш шектеу қойылмай, қалаған уақыты бойынша демалысын өткізе алады.

Басты талап – санитарлық, залалсыздандыру шарттарын қатаң сақтау. Әкімдік тарапынан да қатаң бақылау орнатылатын болады.


Жалпы, демалыс базаларына жолдамалар бағасы өткен жылмен салыстырғанда өзгеріссіз, онлайн сатылымға түсуде. Яғни, суы емді шипажайда адамдар сауықтандырудан өтіп, ішкі туризмнің дамуына ықпал етпек.

Айта кетелік Алакөлге баратындарға алдымен қай жағалауда демалғысы келетінін анықтап алу керек. Өйткені демалуға ыңғайлы екі жағалау бар. Бірі, Шығыс Қазақстан облысына қарасты Жарбұлақ жақта, екіншісі, Алматы облысы Алакөл ауданына қарасты Ақши жағалауы.

 

 

Рекомендовать
Последние новости