Оңдағанов қайта қамалды. Ұрланған ақшаны мемлекетке қайтарғаны өтірік болып шықты

Dalanews 20 авг. 2020 08:16 949

Күні кеше мерзімінен бұрын босаған Батыс Қазақстан облыстық спорт басқармасының экс-басшысы Мүсілім Оңдағанов қайта қамалды деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Қостанай облыстық соты мәлімдегендей сот орындаушы Мүсілім Оңдағановтың мемлекет алдындағы 51,8 млн теңге қарызын толық өтегені туралы өтірік ақпар беріп, судьяны шатастырған.

Айта кетелік Оңдағанов 2014 жылы бюджетке ауыз салып, милллиондарды мақсатсыз жұмсағаны үшін 9 жыл 9 айға сотталған.


Жазасын осы күнге дейін Қостанайдағы 161/2 колониясында өтеді. 7 жыл 3 ай бойы абақтыда отырған Оңдағанов шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған.

Сот орындаушы "Оңдағанов мемлекет алдындағы 51,8 млн теңге берешегін толық өтеді" деп есеп берген.


Қостанай облысының прокуратурасы аталған істі қайта қозғап, соның барысында Оңдағановтың қарызды қайтармағаны анықталды. Облыс прокуроры сот шешімін қайта қарау туралы шағым түсіріп, Оңдағанов қайтара қамауға алынды.

Әзір судьяға жалған мәлімет берген сот орындаушы тергелуде. Тұтастай алғанда бюджет ақшасын жеумен айналысқан "Оңдағановтың қылмыстық тобы" мемлекетке 67 млн теңге қарыз, оның ішіндегі 51,8 млн теңгені Батыс Қазақстан облыстық спорт басқармасының экс-басшысы өз қалтасынан өтеп беруі тиіс.

Соның алдында Оңдағанов түрмеден үндеу жазып әріптестерінен мүлдем пара алмауын өтінген еді. Ол шенеуніктерден өзінің қателігін қайталамауды сұраған.

Рекомендовать
Последние новости