Өмір соған әкелуде. Қазақтар мен армяндар ҰҚШҰ құрамынан шығуы мүмкін - сарапшы

Көркем Алдабергенова 24 апр. 2024 11:02 177690

30 жыл бұрын, 1994 жылы 20 сәуірде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт күшіне енді. Құжатқа тоғыз ел: Ресей, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Грузия, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан қол қойған болатын. Қазақстан мен Армения ҰҚШҰ құрамынан шығып кетуі мүмкін бе? Сарапшылар талдау жасап, пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz Газеты.Ru басылымына сілтеп.

ТМД істері жөніндегі Мемлекеттік Дума комитеті төрағасының бірінші орынбасары Константин Затулин ұжым Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы кезінде өзін көрсете білгенін айтады.
Ресейдегі Конституциялық заңнама және мемлекеттік құрылыс жөніндегі кеңес комитетінің мүшесі Ольга Ковитиди ҰҚШҰ аймақтық және халықаралық қауіпсіздіктің маңызды факторы екенін айтады.

«Қазақстанда бейбітшілік пен саяси тұрақтылықты сақтауда ҰҚШҰ жетекші рөл атқарғаны сөзсіз. Бұл ретте негізгі міндет - ұйымға мүше мемлекеттер ретіндегі біздің ішкі қауіпсіздігіміз, өзара сенімділікті, ынтымақтастықты, өзара түсіністікті қамтамасыз ету, қазіргі сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге бірыңғай тәсілді әзірлеу қажеттігі», - дейді ресейлік сенатор.

ҰҚШҰ тарап кетуі мүмкін бе?

ТМД елдері институтының еуразиялық интеграция және ШЫҰ даму бөлімінің меңгерушісі Владимир Евсеевтің сөзінше, Армения ұжымда қиын жағдай туғызып отыр.

«Армения-оңтүстік Кавказдағы ҰҚШҰ-ға мүше жалғыз мемлекет. Сондықтан ұйым осы бағытта әлсіреуі мүмкін. Егер біз Орталық Азия векторын қарастырсақ, онда Қазақстан көзге түседі. Астана Ресейге қатысты екіұшты сыртқы саясат жүргізуде. Қазақстан тарапы Украина Қарулы Күштеріне снаряд жеткізуге қатысуы мүмкін деген болжам да бар. Мұны Чехия басшылығы астарлап жеткізгендей болды. Одан бөлек, Қазақстанда русофобтық күштер артып, АҚШ-тың елге әсері азаяр түрі жоқ», - дейді ресейлік сарапшы.

Оның пікірінше, мұндай жағдайда ҰҚШҰ алдында екі міндет тұруы мүмкін – Арменияның қысқа мерзімде шығуы және орта мерзімді перспективада Қазақстан да шығып кетуі мүмкін. Евсеев Астанаға қатысты АҚШ пен оның одақтастары тарапынан қысым көрсету факторы болатынын жоққа шығармады.

Еске салайық, бұған дейін Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі Сергей Шойғу Орталық Азиядағы стратегиялық бағыттағы жағдай күрделі екенін айтқан болатын. Оның сөзінше, бұл аймаққа Ауғанстан жақтан қауіп төніп тұр.

"Соңғы бір жылда "Ислам мемлекеті" содырларының саны 15 пайызға өскен. Олардың басты мақсаты – ҰҚШҰ-ның оңтүстік шекараларында радикалды идеология мен диверсиялық әрекеттерді тарату", - деп топшылаған Шойғу.

Сонымен қатар, Сергей Шойғу биыл Орталық әскери округте негізгі күш аймақ елдеріндегі дағдарысты жағдайларды реттеуге және Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан аумақтарында өтетін жеті оқу-жаттығуға қатысуға бағытталатынын хабарлады. Әскерлерді оқытудың нәтижесі ҰҚШҰ-ның Ұжымдық жедел әрекет ету күштерінің "Өзара іс-қимыл-2024" оқу-жаттығуы болады, оған бес мемлекеттің әскери контингенттері қатысады.


Рекомендовать
Последние новости