Не үшін салып жатырмыз? Тоқаев LRT туралы айтты

Dalanews 08 окт. 2019 08:16 978

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атышулы LRT ісі бойынша тергеуді күшейту қажеттігін айтты. Тергеу кезінде экс-басшының елден қашып кеткенін ескеріп қана қоймай, жобаға қатысты құжатқа бұрын қол қойған әкімдік қызметкерлерін де сүзгіден өткізу керек деді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
- Үкімет пен әкімдік бой берер емес, осы бір кілтипаны көп дүниені жалғастыратын болып шешім қабылдады. Жобаны аяқтаудан өзге жол жоқ деп маған баяндап жатыр, себебі тым алысқа ұзап кеткен екен.

Мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне осы істі тергеуді күшейтуді тапсырдым, шетелге асқан экс- басшының ғана ізіне түспей, өзгелерді де тексеру керек.

Соның  ішінде, жобаға қатысты шешім қабылдаған әкімдік басшыларын тексеруді тапсырамын. Әлбетте олардың қолы қойылған шығар. Бұл жерде мәселе жалғыз LRT жобасының орындаушысында емес, бұл шешімді әкімдік қабылдаған. Тереңірек үңілу керек, - деді Тоқаев астананы дамыту мәселелеріне арналған кеңесте.

Мемлекет басшысы бұл жобаның өте күмәнді екенін және экономикалық жағынан түсініксіз болып отырғанын атап өтті. Алайда халықаралық міндеттемелер алынып қойғаннан кейін, жобаны аяқтау керек.
- Мәселенің басын ашайық. Бар қашықтығы 22,5 шақырым, ал оның бойында 18 станция жоспарланған. Сонда бұл LRT-ны не үшін салып жатырмыз? Арасы 1 шақырымнан асар-аспас 18 станция болса. Біз ондай қашықтықты жаяу қыдырып-ақ жүре аламыз ғой. Мұндай жобаның қалайша қабылданып кеткенін мен түсінбеймін, - деп атап өтті мемлекет басшысы.

Президент Үкімет пен әкімдікке LRT-ның алғашқы кезегінің құрылысын жалғастыру мен аяқтаудың нақты мерзімдерін белгілеп, екінші кезегін жүзеге асыру кестесі мен тетіктерін әзірлеуді тапсырды.

 

Рекомендовать
Последние новости