Нұр-Сұлтанда ұйымдастырылған «Біз жастарға сенеміз» мүшәйрасы халықаралық сипат алды

Dalanews 07 окт. 2019 10:44 1046

Елордада «Оқушылар сарайында» жас ақындарға арналған «Біз жастарға сенеміз» атты дәстүрлі мүшәйрасы өтіп, жыр додасында топ жарған от ауызды, орақ тілді жас ақындарды марапатталды. Жоба Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық даму істері басқармасының қолдауымен биыл үшінші рет ұйымдастырылғанын айта кетуіміз керек. Келесі жылы мүшәйра Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен ұлы ақын Абайдың 175 жылдық мерейтойына орайластырылып, Түркі әлемі елдерінің жастары арасында өткізу жоспарлануда. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен жүзден астам дарынды жастар қатысуға ниетті.

Салтанатты іс-шараға ҚР Мемлекет сыйлығының иегері, Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы, ақын Несіпбек Айтұлы, Парламент Мәжілісінің депутаттары, мәдениет қайраткерлері және өнер жұлдыздары қатысты.

– Бүгінгі мүшәйра Елбасы жариялаған Жастар жылы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп отыр. Еліміздің әр өңірінен түрлі туындылар келіп түсті. Әділқазылар алқасы мұндай сында үздік шыққан дарындарды таңдап отыр. Жастардың алдына еркін тақырып қойылды. Әр ақын өзінің ойында, жүрегінде жүрген шығармаларын ұсынды. Мұндай іс-шараның басты мақсаты – жастарды қолдау, олардың бойындағы елге, Отанға деген патриоттық сезімін, сүйіспеншілігін арттыру. Осы жоба қолға алынған үш жылдың ішінде мыңнан аса жас ақын өз туындыларын шығарып отыр, – деді Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Талғат Рахманберді.

Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық даму істері басқармасының басшысы аталған байқау келесі жылы тек республикалық деңгейде емес, халықаралық деңгейде өтетінін алға тартты. Атап айтқанда, байқауға түркі мемлекеттерінің жас ақындары қатысатын болады.


Сонымен «Біз жастарға сенеміз» бәйгесінің қорытындысы бойынша Алматы өңірінің жас дарыны Нұрбол Мұратбек І орынды иеленсе, ІІ орын Ернар Мақсұтов пен Сәния Жүрсіноваға бұйырды. Ұйымдастырушылар оларға ақшалай сертификат табыс етті. Үздік үштікті Амангелді Ақжігіт, Дулатбек Кенжебек және Нұрдәулет Өмірбек түйіндеді.

Ұйымдастырушылар тарапы «Үздік ақын» номинациясын тағайындап, дарын иелерін марапаттады. Мұндай сыйлыққа Оразай Жеңісұлы, Айзада Рақымжанова, Жамал Жүрсінбек және Жауынбай Жылқыбайұлы ие болды.

– Мүшәйраға республикамыздың өңірлерінен 140-қа тарта ақын қатысты. Оның ішінде 10 ақынға жүлде берілді, ал бас-аяғы 30 ақын үздік атанып, жеке кітабын шығардық. Тақырып ретінде Мағжан Жұмабайұлының «Мен жастарға сенемін» сөзін алып, бүгінгінің тұрғысынан «Біз жастарға сенеміз» деген ат қойып, айдар тақтық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп  жатқан бұл жарыстың мәні өте зор. Біз жаңа жас таланттарды ашумен қатар еліміздің бүгінгі таңдағы жүргізіп отырған саясатын, халқымыздың болашағын жырлауды жастардың алдына тақырып етіп қойдық. Олардың туындыларынан жаңа бір леп, жаңа заман тынысы, болашаққа деген сенім байқалды. Жүлде алған жастардың бәрі 16-29 жас аралығында, – деп ақындар жарысына қазылық жасаған Несіпбек Айтұлы өз ойын ортаға салды.



 

Рекомендовать
Последние новости