Назарбаев туралы фильмдерге бюджеттен қанша жұмсалды?

Сағыныш Сардарова 28 апр. 2025 14:41 207

Нұрсұлтан Назарбаев туралы бірнеше фильм түсірілген. Бұл фильмдерге ел қазынасынан қомақты қаржы бөлінген. Жалпы есеп бойынша Назарбаевтың өмір жолын баяндайтын фильмдерге 14,2 млн АҚШ доллары жұмсалған, - деп хабарлайды Dalanews.kz "Курсив" басылымына сілтеп.

  • "Балалық шағымның аспаны"

Назарбаев жайлы шыққан алғашқы фильм 2011 жылы 14 сәуірде жарық көрді. Ашық дереккөзде бұл фильмге 3 млн доллар (қазіргі курспен алғанда 1 млрд 543 млн теңге) бөлінгені айтылады.

Режиссер Рүстем Әбдірәшев түсірген "Балалық шағымның аспаны" – Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағы туралы баяндайтын көркем фильм. Оқиғалар негізінен тұңғыш президенттің туған жері Шамалған ауылында өтеді. 

  • "Елбасы жолы"

Бюджеті 2 500 000 доллар (1 млрд 286 млн теңге) делінеді. Кассалық түсім: 175 199 доллар. Режиссері: Рүстем Әбдірашев

Бұл фильм Нұрсұлтан Назарбаевтың Теміртаудағы қарапайым жұмысшы болған жылдарын суреттейді. Туындыда Назарбаев металлургия комбинатында жұмыс істеп жүріп, өзінің көшбасшылық қасиеттерін көрсетеді. 

  • "Тығырықтан жол тапқан"

Шығу уақыты: 4 желтоқсан 2014 жыл. Бюджет: 2 500 000 доллар (1 млрд 286 млн теңге). Кассалық түсім: 99 228 доллар (51 млн теңге). Режиссері: Рүстем Әбдірашев

Фильмде Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси аренаға қадам басуы, 1980-ші жылдардағы Қазақстандағы қоғамдық-саяси өзгерістер кезеңі бейнеленген. 

  • "Жұлдыздар тоғысқанда"

Шығу уақыты: 28 сәуір 2016 жыл. Бюджет: 3 600 000 доллар (1 млрд 852 млн теңге). Кассалық түсім: 54 367 доллар (27 млн теңге). Режиссері: Сергей Снежкин

Алғашқы үш фильмнің режиссері Рүстем Әбдірашев болса, бұл фильмді режиссер Сергей Снежкин түсірді. Туынды 1984–1991 жылдар аралығындағы маңызды саяси оқиғаларды қамтиды. Назарбаевтың Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тағайындалуынан бастап, тәуелсіз Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланғанға дейінгі аралықты көрсетеді.

  • "Елбасы жолы. Астана"

Шығу уақыты: 16 желтоқсан 2018 жыл. Бюджет: 2 600 000 доллар. Кассалық түсім: 48 477 доллар. Режиссері: Ақан Сатаев

Фильм Қазақстанның жаңа астанасын көшіру туралы шешім қабылдаған кезеңге арналған. Назарбаевтың елорда салу идеясын жүзеге асыру жолындағы қиындықтары, қарсылықтар мен сындарға төтеп беруі суреттеледі. 

Басылым мәліметінше, Назарбаев түсірілген барлық бес фильмге жалпы алғанда 14,2 млн доллар (7 млрд 203 млн теңге) бөлінсе, кассалық табысы бар жоғы 624 897 доллар (321 млн теңге) болған.


Рекомендовать
Последние новости