Құқықтық білімге қолжетімділік – өркениетті мемлекеттің өлшемі

Азамат Қойшығара 11 мар. 2025 02:55 165

Білім – адамның ажырамас табиғи құқығы. Бұл құқықты ешкім тартып ала алмайды, одан бас тартуға да болмайды. Ол адамның жеке дамуымен ғана емес, бүкіл қоғамның өркендеу деңгейімен де тығыз байланысты. Жетісу облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі Қанат Қарымсақовтың айтуынша, Қазақстан осы құқықты қамтамасыз етуге қатысты халықаралық міндеттемелерді орындауға барынша күш салып келеді.

Оның пайымынша, білім – тек мектеп немесе университет деңгейіндегі дайындық емес, адам өмірінің ажырамас бір бөлігі.

– Білім – адамның ақыл-ойы мен қабілетін ашатын негізгі құрал. Бұл тек базалық оқу емес, үздіксіз даму мүмкіндігі. Сондықтан білім алу құқығы – адамның өмір бойы дамуына берілген мүмкіндік, – деді ол.

Қазақстан Конституциясында орта білімнің тегін әрі міндетті екені нақты көрсетілген. Орта білімді аяқтаған соң әр азамат колледж немесе жоғары оқу орнына түсіп, тегін немесе ақылы негізде оқуын жалғастыра алады. Қарымсақовтың айтуынша, бұл мүмкіндіктер заңмен ғана емес, нақты бағдарламалар арқылы да қолдау табуда. Атап айтқанда, дарынды балаларға арналған мектептер, зияткерлік мектептер және "Болашақ" халықаралық стипендиясы осының айғағы.

– Білім беру тек ақпарат беру емес, ол – мәдени мұраны ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін тірі тетік. Сондықтан мемлекет білім беру жүйесін дамытуға басымдық беріп отыр, – деді Қарымсақов.

Ол сондай-ақ қазіргі заманда тек мектеп немесе ЖОО-мен шектелмейтін өзін-өзі дамыту кеңістігі қалыптасқанын айтты. Онлайн-курстар, техникалық үйірмелер, білім беру платформалары – мұның бәрі адамның өмір бойы оқуға деген құқығын жүзеге асыруға көмектеседі.

Қанат Қарымсақовтың айтуынша, Қазақстан БҰҰ қабылдаған барлық негізгі халықаралық құжаттарға қосылған. Бұл – жай ғана формальді мүше болу емес, нақты атқарылуы тиіс жауапкершілік. Қазіргі білім беру жүйесіндегі өзгерістер мен қолжетімділікті арттыруға бағытталған бастамалар – осы жауапкершіліктің бір көрінісі.

Маманның пікірінше, білім саласына бөлінетін инвестицияны шығын деп емес, келешекке салынған капитал деп түсіну керек. Себебі білімді ұрпақ – экономиканың да, саясаттың да, мәдениеттің де тірегі.

– Мемлекет тек инфрақұрылыммен шектеліп қалмауы тиіс. Мұғалімдердің кәсіби деңгейі, оқу мазмұнының заманауи талаптарға сай болуы, ауыл мен қала арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту – мұның бәрі еліміздің болашағын айқындайтын факторлар, – дейді Қарымсақов.

Қазір әлем үздіксіз білім беру жүйесіне бет бұрып отыр. Бұл – балабақшадан бастап зейнетке шыққанға дейін білім алу мүмкіндігін қарастыратын тұтас модель. Қазақстан да осы жолда қадам жасап келеді. Бірақ формальді есептер мен есептік көрсеткіштерден бөлек, шынайы мазмұн мен әділетті қолжетімділік басты назарда болуы тиіс. Себебі білім – адамның тек кәсіби жолын ғана емес, жалпы өмір сапасын анықтайтын негізгі құрал.


Рекомендовать
Последние новости