Ұлы даланың рухани мұрасы: өткенімен өрілген бүгінгі болмыс

Азамат Қойшығара 25 мар. 2025 12:03 49

Қазақ халқының мыңжылдық мәдениеті тарихтың тереңінен тамыр тартқан рухани мұрасымен үндесіп жатыр. Бұл мұра тек жәдігерлермен немесе дереккөздермен өлшенбейді. Ол – ұрпақтан-ұрпаққа ауызша беріліп келген дәстүр, өнер, салт-сананың тұтас бір әлемі. Бүгінгі Қазақстан осы бай мұраны заман талабына сай сақтап, жаңғыртып, келешекке жеткізу жолында нақты қадамдар жасап келеді.

Мұндай ілкімді істердің бірі – Ұлттық музейде ашылған «Материалдық емес мәдени мұра» залы. Бұл зал – қазақ халқының тірі мәдениеті мен рухани тамырына арналған, ЮНЕСКО репрезентативті тізіміне енген мұраларды жүйелеп, көпшілікке танытатын алаң. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева: «Біз Тәуелсіздік алған сәттен бастап ұлттық дәстүрлерімізді сақтау, халықаралық деңгейде таныту бойынша жұмыстарды бастап кеттік. Бұл жолда ұлт зиялыларының еңбегі зор екенін айтқанымыз жөн», – деген болатын.

Зал сегіз бөлімнен тұрады: ұлттық орындаушылық өнер, дәстүрлі наным-сенім, мерекелер, қолөнер, табиғатпен байланысқан таным, тіл және фольклор, ұлттық аспаптар мен күй өнері – барлығы қазақтың тірі рухын көрсететін дүниелер. Бұл жерде «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Көрұғлы» сынды эпостар, қобыз, жетіген, сыбызғы секілді аспаптар, айтыс пен күй, Наурыз мерекесі, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық сынды ұлттық ойындар қамтылған.

Қазақтың күй өнері – түркі дүниесінің ең бай аспаптық дәстүрінің бірі. Домбыра күйлері «төкпе» және «шертпе» мектептеріне бөлінеді. Батыс Қазақстанда Құрманғазы, Дина, Маңғыстауда Абыл, Есір, Ақтөбеде Қазанғап сынды күйшілердің мектебі қалыптасса, Арқада Тәттімбет, Байжігіт, Жетісуда Кенен сынды тұлғалар шертпе дәстүрін дамытты. Бұл мектептердің әрқайсысы – жеке бір мәдени феномен.

Қазақтың дәстүрлі ән өнері де өзіндік мектептерге бөлінеді: Арқа, Батыс, Жетісу. XIX ғасыр – осы өнердің «алтын ғасыры». Бұл кезеңде Біржан сал, Ақан сері, Майра, Естай, Мұхит, Абай сынды ұлы тұлғалар сахнаға шықты.

Музыкалық мұраның тірі қалуына үлкен үлес қосқан – ғалым Болат Сарыбаев. Ол көне аспаптарды ғылыми тұрғыда сипаттап, ұмыт болған түрлерін қайта жандандырды. Сыбызғы, сазсырнай, даңғыра, шертер, асатаяқ, қылқобыз сынды аспаптарды зерттеп, олардың жасалу техникасын жаңғыртты.

Рухани мәдениет тек өнермен шектелмейді. Қазақтың ұлттық ойындары мен той-мерекелері де осы мұраның ажырамас бөлігі. Көкпар, жамбы ату, аударыспақ, бәйге – әскери машықты қалыптастыратын ойындар ғана емес, сонымен қатар ұлттың бірлігін нығайтатын ритуалдық әрекеттер. Атақты астар мен тойлар 15 мың адамға дейін жинап, бірнеше күнге жалғасқан.

Ас дайындау, қонақ күту, шай беру рәсімі – бұл да рухани мәдениеттің көрінісі. Қазақ асханасы – далалық өмір салтына бейімделген, икемді әрі өңірлік ерекшелігі бар дәстүр. Ет пен сүт өнімдері, бауырсақ пен қымыз – тек тағам емес, ұлттық болмыстың бөлігі.

Ұлттық қолданбалы өнер – тағы бір маңызды бағыт. Киіз үй жасау, текемет басу, тері өңдеу, зергерлік бұйымдар – мұның бәрі ұрпақтан-ұрпаққа жеткен шеберлік пен талғамның көрінісі. Қазақ шеберлері – ұста, зергер, тоқымашы – өз ісін тек кәсіп емес, өнер ретінде қабылдаған.

Қазақ халқының салт-дәстүрлері – өмірдің әр сәтін қамтитын күрделі жүйе: үйлену, дүниеге бала әкелу, өлім-жітімге байланысты рәсімдер, қонақ күту, үлкенге ізет, балаға өнеге – бәрі де тәрбие мектебі, рухани бағдар.

Бүгінде қазақ халқының рухани мұрасын таныту – мемлекеттің басты идеологиялық бағыттарының бірі. Бұл тек өткенге оралу емес, болашаққа нық қадам басудың, ұлттың бірегейлігін сақтаудың жолы. Ұлы даланың мұрасы – мәңгілік ел идеясының тірегі.


Рекомендовать
Последние новости